«Мейірім» жобасы іске асырылуда

121
Облысымызда 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Мейірім» жобасы іске асырылуда.
«Мейірім» жобасының тұжырымдамасы бойынша жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар облыстағы мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындардың басшыларына, бизнес өкілдеріне бекітілген.
Бүгінде Тараз қалалық білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын секторы арқылы тәрбиелеуге берілген балалар саны 437-ні құрап отыр. Оның ішінде 349-ы – қамқоршылық және қорғаншылықта, 77-сі – патронаттық тәрбиеде, 4-еуі – 1 қабылдаушы отбасында және 7 балғын 2 отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатыр. Осы орайда, 2023 жылы бөлініс кестесі қайта дайындалғанын айта кеткен абзал.
Жалпы, жемісті жоба аясында «Отбасы банкінде» 437 баланың 425-інің арнайы есеп-шоты ашылған. Олардың 106-сы білім бөліміне қарасты мектептер мен балабақшалар арқылы, 40-ы қала әкімдігінің бөлімдері мен кәсіпорындар арқылы тіркелген. Ал 12 балаға есеп-шот ашу жұмыстары жүргізілуде. Себебі бұл балалар жақын уақытта қорғаншылыққа алынған. Қазіргі таңда оларға демеушілер қарастырылуда.
«Отбасы банкінде» есеп-шоты ашылған 425 балаға (қорғаншылық пен қамқоршылықтағы, патронаттық тәрбиедегі, отбасы үлгісіндегі балалар үйі, қабылдаушы отбасындағы) әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 302 демеушімен тиісті жұмыстар жүргізілді.
Қазіргі таңда «Мейірім» жобасы шеңберінде «Отбасы банкінде» ашылған шоттарға бекітілген мемлекеттік мекемелердің (білім беру мекемелері) демеушілігімен 10 млн. 110 мың теңге қаражат аударылған.
Иә, «Мейірім» жобасы балғындарға мейірімін төккені анық. Сондықтан сауабы мол жобаға қолдау білдіруді ұмытпайық!

Leave A Reply

Your email address will not be published.