Туған халқының мерейі үшін тұла бойындағы қайрат жігерін ірікпей жұмсаған адамды халық «ұлым» деп үлкен жүрегінің мейіріне бөлейді. Ал енді сол жайсанды өмір жалауын әрдайым жықпай көтеріп, ақыл мен парасаттың асқар биігіне көтерілген кезінде, дана халық оның алдында баладай кішірейіп, ел азаматы деген атағына үлкен басын еңкейе иеді.
Адам өмірі – қамшының сабындай қысқа, бұл дүниеде билігің де, байлығың да баянсыз. Әйтсе де жүз жасаған Бұқар жырау айтқандай, бұл фәниде жақсының аты, ғалымның хаты қалады.
Бүгінде өзінің туған алтын бесігі, ауылындағы игі істердің жаршысы болып жүрген Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев бастаған еліміздің Халық Қаһармандары мен Қазақстанның Еңбек Ерлері Жуалы жеріне келді.
Жуалы жұрты ауылға кіреберіс қақпадан күтіп алып ел азаматтарына үлкен құрмет көрсетті. Қазақтың маңдайына біткен нар тұлғалары Бақытжан Ертайұлының туған жері Ертай ауылында ауыл тұрғындарымен кездесті.
Ертай ауылындағы «Ардагерлер» аллеясында ұйымдастырылған салтанатты жиында алғашқы сөзді алған Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев құрметті қонақтар мен тұрғындарға деген ыстық ықыласын білдірді. Сондай-ақ, Еңбек Ерлері Аягүл Миразова мен Мұқаш Ескендіровтерге арнайы сөз кезектері берілді.
Бақытжан Ертаев бастаған бір топ Қалық Қаһармандары мен Еңбек Ерлері Ертай ауылындағы «Ардагерлер» аллеясын аралап, «Құлбайымбет» мешітінің жұмыстарымен танысып, әруақтарға құран бағыштады.
Жуалы ауданы әкімдігі