МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҮСТЕМЕ ЖҰМЫС ЖАСАУЫ ДЕПАРТАМЕНТТІҢ НАЗАРЫНДА

412

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауында «Мемлекеттік қызмет істері агенттігі толыққанды стратегиялық HR институтына айналуға тиіс екендігін және елімізге сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар керек деп» — атап өтті.
Осы ретте, мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарының қорғалуы оның ішінде олардың тынығуы, бос уақытын отбасына немесе өзінің кәсіби дамуына арнауы кәсіби мемлекеттік аппаратты құруда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.
Сонымен қатар, жұмыскерлердің тынығуға құқығы бар екендігі ел Конституциясында да айшықталған.
Осыған орай, Департамент тарапынан мемлекеттік қызметшілердің еңбек режиміне қатысты құқықтарын қорғау бойынша бірқатар шаралар қабылданған.
Мәселен, бүгінгі таңда Жамбыл облысында 210 мемлекеттік органның ғимараттары қолжетімділікті бақылау және басқару жүйелерімен жабдықталған.
Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімі аппаратымен бірлесе отырып, 36 жергілікті атқарушы органда орнатылған (облыс әкімінің аппараты, қала және аудан әкімдіктерінің аппараттары, басқармаларда) қолжетімділікті бақылау және басқару жүйелері «Е-Қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесімен интеграцияланды.
2022 жылы және 2023 жылдың өткен кезеңінде Департаменттің мамандарымен «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінде мониторинг жүргізу нәтижесінде 14 мемлекеттік органның 21 қызметшісі негізсіз үстеме жұмыс жасағандары белгілі болды.
Өз кезегінде, Департаментпен аталған мәселе бойынша мемлекеттік органдардың басшыларына ұсыныс хаттар жолданып, нәтижесінде 21 қызметшіге қосымша демалыс уақыттары берілді, яғни еңбек құқықтары қорғалды.
Аталған мәселенің өзекті екенін ескере отырып, Агенттікпен ағымдағы жылдың сәуір айында мемлекеттік қызметшілер үшін қашықтықтан жұмыс, икемді жұмыс уақыты режимін қолдану және жұмыс уақыты режимін сақтауға мониторинг жүргізу қағидалары бекітілді.
Мемлекеттік органда икемді жұмыс уақыты режимін келесідей жағдайларда белгілеуге болады:
1) мүгедектігі бар, жүкті болып табылатын, он төрт жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған, мүгедектігі бар балалары, оның ішінде асырап алған балалары бар (қорғаншы болып табылатын) жалғызбасты ата-ана, көпбалалы ата-ана (қорғаншы) болып табылатын немесе асырауында қарт ата-аналары бар мемлекеттік қызметшілер және жүкті әйелдер үшін;
2) мемлекеттік органның орналасқан жерінен алыс жерде тұратын адамдар үшін;
3) жұмыскердің жұмыс уақыты режимін сақтауы дәлелді себептер бойынша мүмкін болмайтын өзге де жағдайларда.
Бұл ретте, қашықтықтан жұмыс, аралас қашықтықтан жұмыс, икемді жұмыс уақыты режимдері белгіленген жұмыскерлерге мемлекеттік қызмет, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнаманы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін және мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулерді сақтау бойынша талаптар қойылады.
Сонымен қатар, жұмыс уақыты режимінің бұзылғаны үшін мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңдарына көзделген жауаптылықта болады.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.