Абу-Даби қаласында джиу-джитсудан өткен әлем біріншілігінде 11:0 есебімен таза жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды.
Мемлекет басшысының сыйлығын Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов табыс етті. Облыс әкімі бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
— Бүгін зор қуанышпен джиу-джитсудан әлем чемпионы атанған 6 жасар Хадия Қонаевамен кездесіп, Мемлекет басшысының атынан құттықтау хаты мен сыйлық табыстап, жеңісімен құттықтадым.
Жерлесіміз Абу-Даби қаласында джиу-джитсудан өткен әлем біріншілігінде 11:0 есебімен таза жеңіске жетіп, әлемге Қазақстанның өскелең ұрпағының рухы мен талантын көрсете білді.
Жастайынан осындай жоғары жетістіктерге жету – бұл табанды еңбектің нәтижесі. Жас спортшыны өзінің әкесі, жаттықтырушы, спортшы, «Sam Team» клубының негізін қалаушы Самат Қонаев жаттықтырады. Бір қызығы, әкесінің спортпен шұғылдануына омыртқа ауруы себеп болған және табанды жаттығулардың арқасында денсаулығын қалпына келтірген. Әкенің үлгісі балаларын шабыттандырып, бүгінде олардың барлығы спорт шебері.
Жеті баласының алтауы жекпе-жекпен айналысатын отбасы – спорттық тәрбиенің, тәртіптің және отбасылық құндылықтардың үлгісі. Хадияның алтын медалі – бұл сіздің отбасыңыздың ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы, – деп жазды Байханов.