МЕКТЕПТЕГІ БІР КҮН НЕМЕСЕ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУДЫҢ ПАЙДАСЫ

126

Мемлекетіміз кейінгі жылдары білім  саласына ерекше назар аударып келеді. Соның бір дәлелі бұл сала қызметкерлерінің айлық-жалақысы жиі-жиі көтерілуде. Сондай-ақ білім нысандары жаңадан соғылып жатса, ағымдағы, күрделі жөндеулерден өткізіліп жатқандары да аз емес. Солардың бірі — Көктал ауылындағы биылғы жылы пайдалануға берілген 3 қабатты, 600 орындық соңғы үлгідегі «Көктал» орта мектебінің ғимараты.

Өткен аптада аталған мектепте «Табысты мектеп, табысты ұстаз, табысты оқушы» тақырыбында «Ашық есік күні» өтті. Бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу, инновациялық құзыреттіліктері дамыған педагогтардың әлеуетін арттыру, мектеп мәдениетін қалыптастыратын «табысты мектепке» айналу мақсатында өткен басқосуға аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев, мектеп ата-аналар комитетінің төрайымы Гүлмира Парманова, ардагер ұстаздар, сондай-ақ  аталған мектепке осы төңіректегі серіктес мектептердің  (Бурыл, №6, Ы. Алтынсарин) және  Тараз қаласындағы №44 орта мектептің  директорлары мен оқу, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.


Алдымен мектеп директоры Аят Сенбекұлы  «Ашық есік күніне» қатысушыларға мектеп туралы толық мағлұмат берді. Аудандық білім бөлімінің тапсырмасына сәйкес серіктестікке жетекші ретінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Қала мектептерімен тәжірибе алмасу мақсатында қаладағы №44 орта мектеппен тығыз байланыста жұмыс  жасап  жатқандарын, ондағы қол жеткізген жетістіктерінде  айта кетті. Бүгінгі шарадан жетекші мектеп пен серіктес мектептердің кәсіби байланысы жақсара түсетінін де жасырмады. Сондай-ақ өз серіктестеріне жаңадан пайдалануға берілген мектептерін көрсетіп, аталған мектепті сапалы  соғып бергендері үшін аудан, облыс басшыларына өзінің ризашылығын білдірді.

Аудан әкімінің орынбасары Дәуір Рысбайұлы аудан көлемінде білім саласына жасалып жатқан қамқорлықтарға  тоқтала келе, биылғы жылы «Жайлы мектеп»  ұлттық жобасы бойынша Сарыкемер ауылынан 600, Бурыл ауылынан 300 орындық жаңа  мектеп салынатынын атап өтті. Ұстаздар бас қосып, тәжірибе алмасудың пайдасы көп екеніне тоқталды. Бұл үшін осындай игілікті іс жасап отырған мектеп басшылығының жұмысын жоғары бағалады. Ал бүгінгі шараның өз дәрежесінде өтіп, оның ұстаздарға да, оқушыларға да тигізер пайдасы мол болатынына сенім білдірді.
Бүгінгі күні мектептегі қазақ және орыс тіліндегі 60 сыныпта 1281 оқушы білім алуда. Оларға 124 ұстаз сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Жаңа оқу жылында мектептің 1 сыныбына 128 оқушы қабылданса, биылғы жылы 48 бала мектеп бітіреді. Олардың алғашқы ұлттық бірыңғай тест сынағынан алған орташа баллдары 88,1  пайызға жетіп отыр. Алдағы күндері дайындық қарқыны арта түссе,  бұл көрсеткіштің көтеріле түсері анық. Мектептің орыс сыныптарына көршілес Жетібай, Мырзатай, Төрткүл ауылдарынан 40 оқушы тасымалданып оқылатынында айта кеткен орынды.
Шараға қатысушылардың мектепке жасаған саяхаты  Сандуғаш Абдикаримова басқаратын мектеп оқушыларынан құралған домбыра оркестрінің Ә. Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін тыңдаудан басталды. Бұдан кейін қонақтар  Алтай ағайларының шахмат үйірмесіндегі оқушылардың  шаршы тақта үстіндегі тартысты ойындарының куәсі болды. Дәліздегі «Қазақстанның тарихи даму кезеңдері», «Қазақстанның 7 кереметі»,  «Жол ережесі», «Қазақстан картасы», «Әлем балалар көзімен» тақырыптарындағы стендтер ерекшелігімен көз тартады.
Мектеп қонақтары бастауыш сынып, информатика, биология, химия, физика, ағылшын тілі пәндерінен өтіп жатқан сабақтарға қатысты. Ботакөз Ақназарованың 10 “ә”-сынып оқушыларымен мектеп кітапханасында «М. Әуезов және Абай әлемі» тақырыбындағы талдау сабағы қонақтарды қызықтырды. «Абай бейнесі» және «Әйелдер бейнесі» болып екі топқа бөлінген оқушылар романдағы әрбір кейіпкерлерге жеке-жеке тоқталып, сабақты мақсатына жеткізді. Олар Құнанбайдың жақсы әке ғана емес, ұлына ұстаз болғанын, ұлы Абайға жол бергенін нақты дәлелдермен оқушыларға жеткізе білді. Ал Зере Абай ғана емес жалпы Тобықты руының анасы болғанын дәлелдеуге тырысты.

Биылғы жылдың көктемінде ұлан-байтақ қазақ жерінде «Жошы ұлысы» деген мемлекеттің пайда болғанына 800 жыл толғалы отыр. Міне осыған байланысты тарих пәнінің ұстазы Жансая Иембердиева 6-сынып оқушыларымен «Сұлтан Бейбарыс-Ұлы дала елінің барысы» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Оқушыларды «Тарихшылар», «Зерттеушілер», «Әдебиетшілер»  деген үш топқа бөліп өткізген сабақ өте тартымды өтті.
Еңбек сабағының ұстазы Айымкүл Балдақова 5-сыныптың қыздарына тігін шеберханасында  іс тігуді,  сондай-ақ 6 сынып қыздарына ас мәзірін дайындаудағы Арзыгүл  Серікбаеваның, ұлдарға  темір және ағаш өңдеу шеберханасында үй тұрмысына қажетті әртүрлі құрал-саймандар  дайындауды үйретудегі Қожахмет  Ошановтың жұмыстары да мақтауға тұрарлық екен. Осы үш сыныптағы оқушылардың пәндеріне байланысты біркелкі киім үлгілері де ерекшелігімен көз тартып тұрды. Қонақтар оқушылар дайындаған тіл үйірер тәтті тоқаштар мен салаттардан дәм татып та көрді.  Ал жас ұстаз  Ақнұр  Ділімбетованың  «Робототехника әлем болашағы» тақырыбындағы 7 “а”-сынып оқушыларымен өткізген сабағында зеректе, талантты  оқушы Балнұр Сәрсеннің  «Ақылы автотұрақ», Бағлан Жолдасбектің «Кегельринг»  жұмыстары  жоғары бағаланғанын айта кеткен жөн. Оқушылардың  тапқырлығына қонақтар  қатты риза болды.
Мектептің мәжіліс залында сергіту сәті ретінде дарынды балалардың өнері көрсетілді. Олардың арасындағы Димаш Серікұлы мен Әдемі Қаныбек республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары екен. Олардың тамылжыта шырқаған әндері көрермендердің есінде ұзақ уақытқа дейін сақталары анық.


Міне осылайша бірнеше  сағатқа созылған мектептегі «Ашық есік күні» өз мәресіне жетті. Оған қатысқан ұстаздар мен мектеп басшылары көп нәрсені көңілге түйгендерін айтып, мектеп ұжымына алғыстарын білдірді.
— Аталған   шараны өткізудегі басты мақсаттардың бірі-мектептер арасындағы байланысты жақсартып, тәжірибе алмасу болатын. Бізге бүгінде барлық жағдайлар жасалды. Мектебіміз жаңа, жылы. Мамандар жеткілікті. Енді ұстаздарымыз тынбай жұмыс істеп, оқушыларымызға сапалы білім, саналы тәрбие беретін болады. Еліміздің ертеңі бүгінгі жастар. Сондықтанда Тәуелсіздігіміздің тірегі болатын жастардың келешекте үлкен азамат болып шығуларына барынша білім беретін боламыз,-дейді  бүгінгі іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі, мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жөніндегі орынбасары Роза Рашова.
Ал біздің  ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, жігерлі жас  Аят Сенбекұлы басқаратын ынтымағы жарасқан ұстаздармен   мектеп оқушыларын күні ертең-ақ еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосатын білімді де білікті мамандар етіп шығаратынына сеніміміз мол.

 

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Көктал ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.