«Тазалық табалдырықтан басталады» дейді қазақ. Расында, әркімнің қоршаған ортаны, ауласы мен үйін таза ұстауы оның мәдениеттілігі мен әдебінен хабар береді. Сол секілді жұмыс орнындағы тазалықтың сақталуын қадағалау да аса маңызды. Өйткені, жарты тәулікке жуық уақыт өткізетін ортаның мұнтаздай болуы жұмысқа деген ынтаны ашып қана қоймай, қызметкерлердің денсаулығының жақсы болуының да кепілі.
Осыған орай бүгін Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекемесінде ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Аталған шара аясында мекеме қызметкерлері өз жұмыс орындарын толықтай тазалап, ретке келтірді. Сонымен қатар терезелер жуылып, қажет тұстар ақталып, сырланды.
Жұмыс орнының өз келбетін жоғалтпауына кепілдік беретін мұндай шаралар мекеме ұжымының ауызбіршілігін арттыруға да таптырмайтын тәсіл. Пайдасы мол тазалық жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.