Медицинасы дамыған елдің болашағы жарқын болмақ

25
Әлемде ешқашан өлмейтін, даму үстінде ғана жүріп отыратын мамандықтардың бірі – медицина саласы.
Медицинасы дамыған елдің болашағы жарқын болмақ. Өйткені медицина дамыса, елдің денсаулығы жақсарады, осылайша қоғам дамиды.
Дамыған елдердің тәжірибелерін меңгеру арқылы озық елдердің қатарына енуді мақсат тұтқан еліміз соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына аса мән беріп келеді.
Нәтижесінде жыл сайын салада өзгерістер орын алып, тіпті шалғай аудандардағы емханаларға заманауи аппараттар үлестірілуде.
Ал, мемлекеттің басты байлығы адам десек, әрбіріміздің денсаулығымызды бақылайтын ақ халатты абзал жандардың қоғам алдындағы еңбегі еселі.
Халық үшін ең маңызды сала – денсаулық сақтау саласында, бас дәрігері Айнұр Тұяқбаева басқаратын Сарысу аудандық орталық ауруханасында біраз жетістік, ауқымды шаралар жасалуда.
Сарысу ауданы бойынша барлығы 26 медициналық ұйым бар. «Халықты тіркеу жүйесі» РПП бойынша тіркелген тұрғындар саны-38 255
Дәрігерлер де жыл сайын біліктіліктерін арттырып, адам өміріне деген жауапкершіліктерін сезіне біледі.
Індет жайлаған кезеңде де ауданның ақ халаттылары табандылық танытып, күн-түн демей, уақытпен санаспай жұмыс жасады.
Барлық ауырған, індет жұқтырған науқастардың аман-есен отбасына қайта оралуына күш салды. Қашанда адам өмірі бәрінен қымбат дейтін абзал жандармен жолыққанда да мамандықтарына деген адалдықтары мен кәсібиліктеріне тағы бір көз жеткіземіз.
Нақтырақ айтсақ өтіп бара жатқан 2024 жылда орталық аурухананың бөлімшелері орналасқан екі ғимаратқа жедел сатылар (лифт) орнатылды, қазіргі таңда толық іске қосылып, жұмыс жасауда.
Сұранысқа сәйкес, ағымдағы жылға жаңа 5 автокөлік 4- Lada NIVA 1- Lada GRANTA алынды.
2024 жылдың басында орталық ауруханасынан тұрғындардың, балалардың денсаулығын жақсарту мақсатында, жаңа реабиллитациялық бөлімше ашылды.
Тыныс алу жүйесі ауруларын емдеуге, алдын алуға, тазартуға тұз шақтасы (галотерапия) ашылды, әр түрлі тірек-қимыл жүйесі ауруларын емдейтін құрал-жабдықтар мен толық жабдықталған. Құрылғылармен жабдықталу пайыздық көрсеткіш 98 % құрайды.
Шалғайда орналасқан Жайлаукөл ауында 30 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториясы ғимараты соғылып 2024 жылы пайдалануға берілді.
Жыл басынан сұранысқа сәйкес, орталық ауруханасына КТ (компьютерная томография) құрылғысы берілді. Жыл соңына дейін, іске қосу жоспарлануда.
Жаңа жылдың барлығымызға жаңа үміт, ерекше қуаныш сыйлайтыны мәлім. Балалармен бірге үлкендердің де ерекше күтетін мейрамы екені даусыз.
Түптеп келгенде біздің ең қымбат байлығымыз – өміріміз осы сала қызметкерлерінің кәсібиліктеріне байланысты. Сондықтан да бұл сала иелеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Басы ауырып, балтыры сыздаған жанның жанына дауа, дертіне шипа бола алатын да осы сала қызметкерлері.
Ал, денсаулық сақтау саласында талай жыл тапжылмай тер төгіп, еңбегімен елдің ыстық ықыласына бөленіп жүрген білікті жандардың жүріп өткен жолы көпке үлгі деуге болады.
Себебі тіршілікке нәр беріп, қалтқысыз қызметін ұсынып, мейірімділік пен жылылықты жанына серік еткен, игілікті мамандық иесі атанған олар қашанда сый-құрметке лайық.
Сол себепті де жаңа жыл қарсаңында аудандық аурухана туралы жазып, онда қызмет ететін әрбір ақ халатты абзал жандарға алғыс айтқым келді.
Дариха Пазылбекқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.