МАУСЫМДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

125
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Ержан Әмірхановтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Кеңеске аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев, аудан әкімдігінің бөлімдері мен мекемелерінің өкілдері, ауылдық округ, ауыл әкімдері, құқық қорғау органдары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе вегитациялық кезеңнің өту барысы туралы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуандық Төлеубеков баяндады.
— Қазіргі уақытта Шу ауданында орналасқан «Тасөткел» су қоймасынан Мойынқұм ауданына 11 текше метр су жіберілуде.
Жоспарға сәйкес ағымдағы жылы 5 ауылдық округ бойынша 1 236, 1 гектар жерге 164 шаруа иелерімен келісімшарт жасалынып, шаруалар ағын сумен қамтылуда.
Құрметті ауылдық округ әкімдері, ауылдық округ ішіндегі каналдардағы, арықтардағы ағын су бөлу мәселесі ауыл әкімдерінің құзыретінде. Қазіргі уақытта тек Айдарлы және Биназар ауылдарында ғана мұрап бар. Бірлік, Қызылтал және Қызылотау ауылдық округтерінде қарастырылмаған. Құрметті Ержан Әлімханұлы, жақын күндерде барлық ауылда мұраптыққа жұмысшы табу бойынша хаттамалық тапсырма беруіңізді сұранамын, -деді Қуандық Серікбайұлы.
Келесі мәселе, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының іске асырылуы туралы баяндау үшін аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Үсенбаевқа сөз берілді.
-«Таза Қазақстан» ауқымды акциясы аясында өтінім беру сервисі қызметі іске қосылды. «Таза Қазақстан» сервисі арқылы еліміздің әрбір тұрғыны экология мәселелерін хабарлай алады. Апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, оған 2640-тан астам өңір тұрғындары, ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар белсене атсалысты, оның ішінде 100 еріктілер және 91 кәсіпорындар мен мекемелер қатысты. Акция аясында 10 тарихи-мәдени ескерткіш, 40, 0 мың шаршы метр құрайтын 10 саябақ пен сквер аумағы, 65 шақырым каналдар мен арық жүйесі, 50 мың шаршы метр көшелер тазартылып, 200 тонна қоқыс шығарылды, 6444 түп көшеттер отырғызылып, 3 су бұрқақтары іске қосылды. Бұл жұмыстарға жалпы 25 бірлік техника жұмылдырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауданда жоспарға сәйкес іс-шаралар ұйымдастырылды.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы жұмыстар туралы аудан әкімінің аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің бас инспекторы Дулат Алтамашев баяндады.
— Аудан бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан 14 елді мекен бар. Аудан аумағындағы жалпы залалсыздандыратын аумақ көлемі 1208, 8 га, жазық дала көлемі 550, 1 га, бұталы алқап көлемі 658, 7 га. Аудан бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан 14 елді мекенге (Айдарлы, Бірлік, Биназар, А.Назарбеков, Көкжелек, Күшаман, Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет, Сарыөзек, Ұланбел және кіші Қамқалы) кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарына 12127,7 мың теңге қаржы бөлінді.
Бүгінгі таңда кене шағып тіркелгендер саны 30 адам. Оның ішінде 14 жасқа дейінгілер 19. Қияқты стансасы, Бірлік, Мойынқұм, Жамбыл және Қарабөгет ауылдарынан тіркелген. Тіркелгендердің ішінде клиникалық белгісі байқалып, ауруға күдіктілер болғаны 2 жағдай. Тіркелген жағдайдың зертханалық қорытындысы теріс мәнді болғандықтан, «Листериоз», «Эви» диагноздарына ауыстырылған. 14 күн дәрігерлік бақылауда тұрғандар 2 жағдай.
Аудан бойынша 30 провизорлық орын дайын. Ақсүйек, Ұланбел, Бірлік ауылдарында 5 төсектік орыннан және Мойынқұм аудандық орталық ауруханасында 15 төсектік орындар дайын. Дәрі-дәрмектің (рибавирин) жеткілікті көлемі 1700 дана, 56 орау (упаковка). Иммундық плазма және жалпы қан алмастырғыштардың жеткілікті көлемі альбумин 20% мл. 7 флакон, жаңа мұздатылған плазма І топ 250 мл. 16 дана, ІІ топ 250 мл. 19 дана, ІІІ топ 250 мл. 23 дана және ІV топ 250 мл. 24 дана. Залалсыздандырғыш заттардың жеткілікті көлемі гипохлорид-100 кг, юнеохлор — 445 банка, жуғыш заттар — 290 л, тері антисептигі — 740 л, сұйық сабын — 1300л, 1 реттік обаға қарсы киетін костюм аудан бойынша 2200 дана, оның ішінде жұмсалынғаны — 500 дана, 1 реттік халат — 5000 дана — деді ол.
Жиын соңында Ержан Әлімханұлы вегетациялық кезеңнің өтуі, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы жұмыстар бойынша бірқатар ескертулер жасап, ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.
Елдос ЕРҒАБЫЛҰЛЫ,
«Мойынқұм таңы».

Leave A Reply

Your email address will not be published.