Латын әліпбиі – болашағымыз

535

Халықтың ғасырлар бойы игерген жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады. Латын әліпбиіне көшу туралы Елбасы, 2006 жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында  көтеріп, «Қазақстан-2050» стратегиясында латын тіліне 2025 жылы толық көшетініміз туралы баса айтты.
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ жазуы талай рет өзгеріске ұшырады.1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.
ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры десек, ақпараттың басты құралы – жазу. Яғни, ғаламтор жүйесінде басымдық беріліп отырғаны — латын графикасы.
Латын әліпбиі әлемде кең тараған. Латын қарпі уақыттың сан ғасырлық сынынан өтті. Қазір әлемдегі халықтың 80 пайызы латын графикасын игеріп, пайдаланып отыр, әлемдегі ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылып тұр. Қазірдің өзінде еліміздегі электронды ақпарат құралдарында, яғни барлық салада латын әліпбиі қолданылуда. Дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер — барлығы да латын әліпбиімен байланысты. Сондықтан латын әліпбиіне көшумен халықаралық ақпараттық кеңістікке шығуға жол ашылады. Әрі мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік жасайды.

Мария Жанбосынова,
көп балалы ана.
Сарыкемер ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.