«Ланье» генипавирусы: Қазақстандықтар үшін қауіп бар ма

503

Қытайда «Ланье» деп аталатын генипавирус адамдарға көртышқан арқылы жұғып жатыр. Ғалымдар жаңадан анықтаған бұл вирус әзірге елімізде тіркелмеген. Бірақ қазірдің өзінде әлемде үлкен алаңдаушылық тудырған, өйткені індет ошағы саналатын Қытайда қазірдің өзінде кесел 35 адамнан анықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Аурудың негізгі белгілері дене қызуының көтерілуі, шаршау мен жөтел пайда болуы және жүрек айну екен. «Ланье» вирусын әлем ғалымдары осыдан төрт жыл бұрын анықтаған. Алғашында ол жануарлар арасында тараса, қазір адамға көртышқаннан жұға бастады. Бұған сарапшылар алаңдап отыр. Өйткені коронавирустың да адамға жарқанаттан жұққаны мәлім.

“Қытайлар жеуге болмайтын жарқанат пен көртышқанның да етін жеуді дәстүрге айналдырған. «Ланье» – жарқанаттың жақын туысы саналатын көртышқандардан жұғуда. Әзірге оның қаншалықты қауіпті болатынын дөп басып айта алмаймыз. Барлығы да мутацияға ұшырауына байланысты. Өйткені COVID-19 ертеректе пайда болғанымен, 2020 жылы мутацияға ұшырап, алты құрлыққа ауыз салғаны мәлім”, – деді медицина ғылымдарының докторы Дмитрий Еделев.

Генипавирусты қазір Қытайда 35 адам жұқтырған. Қайтыс болғандар жоқ. Індеттің адамнан адамға жұғу не жұқпауы әзірге белгісіз. 10 тамызда COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия өкілдері елімізде аталған дертпен тіркелгендер жоқ екенін мәлімдеді. Дегенмен сарапшылар жаңа вирус түрін елімізге келмейді деп кесіп айтуға болмайды деп отыр.

“Қазір вирусқа қатысты кез келген ақпарат дүрбелең тудыруы мүмкін. Өйткені барлығымызда коронавирустан кейін қорқыныш бар. Бірақ бұл вирус адамнан адамға жұғатыны әлі анықталмаған. Соның өзінде Қытай  барлық қауіпсіздік шарасын жасап жатыр деген ойдамыз. Сондықтан әзірге қауіптенуге еш негіз жоқ”, – деп мәлімдеді Б.Атшабаров атындағы іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институтының директоры Тимур Салиев.

Мамандар әзірге дүрбелең тудыруға әлі ерте екенін айтады, алайда санитарлық талаптарды қатаң сақтауды сұрайды. Өйткені Бұл – кез келген дерттен қорғанудың алғашқы жолы. Бұған қоса ауру анықталып жатқан елдерге саяхаттамау керек деп ескертеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.