Қазіргі уақытта ауыл ішіндегі ескі су құбырлары толықтай жаңартылған. Ауызсу жүйесін қайта жаңғырту арқылы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту көзделіп отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Айта кетейік, ауылға алғашқы ауызсу құбыры 1970 жылы тартылған. Арадан елу жылдан аса уақыт өткенде, бұл жүйе толықтай тозып, жиі апатқа ұшырайтын жағдайға жеткен. Сол себепті ауыл тұрғындары ауызсудың тұрақты әрі сапалы берілуін ұзақ жылдар бойы күтіп келген болатын.
Ауқымды жоба аясында жалпы ұзындығы 34 шақырымды құрайтын су құбырларын ауыстыру жоспарланған. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталған. Бүгінде жұмыс қарқыны күшейіп, құрылыс өз межесіне сай жалғасуда. Жобаның жалпы құны – 813,3 миллион теңге. Мердігер мекеме – «Тараз строй 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Құрылыс барысы кезінде техника қауіпсіздігі, жұмыс сапасы және жұмысшылардың еңбек жағдайы басты назарда. Жоба толығымен аяқталған соң Күреңбел ауылдық округінің тұрғындары таза әрі үздіксіз ауызсумен қамтылады. Бұл – ауылдың әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.
Күреңбел ауылдық округі – Жуалы ауданындағы ірі елді мекендердің бірі. Мұнда бірнеше ауыл шоғырланған. Ауыл тұрғындарының негізгі бөлігі ауыл шаруашылығымен, оның ішінде егін және мал шаруашылығымен айналысады. Ауызсу жүйесінің жаңаруы тұрғындардың күнделікті тіршілігіне оң әсерін тигізіп, өңірдің жалпы дамуына серпін береді.
Жуалы ауданы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Медет Дамировтың айтуынша, бұл жобаның тұрғындар үшін маңызы зор.
– Күреңбелдіктер көп жылдан бері ауызсудың тұрақты әрі сапалы болуын күтіп келді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Құбырлардың жаңаруы – тек тұрмысты жақсарту емес, жалпы ауылдың дамуына жасалған нақты қадам. Бүгінде жұмыстардың 95 пайызы аяқталған. Жоба жақын арада толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Егер белгіленген кестеден ауытқымай, сапаға мән берілсе, ауылдағы көптеген әлеуметтік мәселенің түйіні тарқайды, – дейді Медет Дамиров.
Жоба ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған. Ауызсумен қамтамасыз ету – ауыл инфрақұрылымының басты элементтерінің бірі, сондықтан мұндай жобалардың уақытында әрі сапалы орындалуы – елді мекендердің тұрақты дамуына тікелей ықпал етеді.