КҮНБАҒЫС ДАҚЫЛЫ ЖИНАЛУДА

65
Өңірде дәнді дақылдарды жинау науқаны мәресіне жетіп қалса, күнбағыс алқаптарында қызу жұмыс басталды.
Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы егістік алқаптарын аралап, шаруалардың жиын-терін жұмыстарымен танысты.
Биыл аудан бойынша шаруалар 1215 гектарға майлы зығыр егіп, өнімнен мол үміт күтіп отыр. Ал Қаратау елдімекенінде күнбағыс 689 гектар жерге отырғызылған. Аудан басшысы алқаптарды аралау барысында дақылдардың толық сары пісу кезеңіне жеткенін атап өтіп:
— Күнбағысты уақытылы егу оның қыркүйек айының басында жиналуына мүмкіндік береді. Әрине сұрыпқа да байланысты. Ендігі кезекте шаруалардың алдында өнімді ысырапсыз жинап алу міндеті тұр, — деді.
Ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасыновтың айтуынша,
— Өнімді жинауға шамамен бір жарым ай уақыт қажет. Әдетте күнбағыс бастары өткір пышақпен кесіліп, қолмен жиналады. Ал ылғалдылығы жоғары пістелерді 8-10 күн бойы сабағына кигізіп кептіреді. Жиналған өнім алдымен қырманға жеткізіліп, қойманың ашық жағында желдетіліп кептіріледі. Мұндағы температура 40-50 °С аралығында болуы тиіс. Дайын өнім матадан тігілген қаптарда екі жылға дейін сақталады, — деді.
Шаруалар еңбегін бағалаған аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы диқандарға науқанды табысты аяқтауды тілеп, өнімнің мол әрі берекелі болуына сенім білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.