КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ ТҮЙТКІЛДЕР ТЫҢДАЛДЫ

126
Күні кеше аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков Ескі Шу ауылдық округіне қарасты Белбасар елді мекенінің тұрғындарымен кездесіп, елдің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Сонымен бірге, алдағы уақытта әкімдік тарапынан атқарылатын жұмыстардың бірсыпырасы атап өтілді.
Ауылдықтар өздерін алаңдатқан күн тәртібіндегі мәселелерді қозғады. Ең әуелі жерасты суының тым жоғары тұрғанын атап өткен тұрғындар елді мекендегі дренаждық ұңғымаларды ретке келтіру керектігін жеткізді. Бұл мәселенің кезек күттірмейтіндігі белгілі. Сондықтан да оны шешудің бірнеше жолын қарастырып, тиімді нұсқасы бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Одан бөлек, балалар қауіпсіздігі үшін ауылдың негізгі орталық көшесіне жаяу жүргінші жолағын салу, көшені жарықтандыру мен электр бағаналары әбден тозығы жетуі сынды күн тәртібіндегі түйткілдер де басқосу барысында айтылып, жан-жақты талқыланды.
Кездесуде көтерілген сауалдардың ешқайсысы жауапсыз қалмайды. Әрбір мәселе бойынша жеке-жеке зерделеу жүргізіліп, кезең-кезеңімен шешілетін болады. Себебі жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді бір мезетте шешудің оңайға соқпайтыны сөзсіз. Кез келген мәселенің түйінін тарқату алдымен жобаға, одан кейін қаржыға және уақытқа келіп тіреледі. Сол үшін де тұрғындардың түсіністік танытқаны абзал.

Leave A Reply

Your email address will not be published.