Қызыл жалынмен айқасқан батыр

38
2024 жылдың 19 қыркүйегінде түнгі сағат 22:52-де «101» телефон нөміріне Жуалы ауданы, Күреңбел ауылындағы тұрғын үйдің ауласында шөпхана өртке оранғандығы жөнінде хабарлама түседі. Оқиға орнына №14 өрт сөндіру бекетінің жеке құрамы жедел келіп жетеді де, құтқарушылармен жүргізілген барлау жұмыстарынан соң, шөпхананың түгелдей өртке оранғанын және қызыл жалын одан әрі тұрғынүйлер мен сарайға қауіп төндіре бастағандығын жедел анықтап, өрт сөндіру жұмыстарына кіріседі. Осы кезде бөлімше командирі Егенбердиев Қалыбек жанындағы жігіттерге қызыл жалынның таралу аймағының алдын орап, су шашып, өрттің одан әрі өтуіне кедергі келтіру жөнінде шұғыл тапсырма береді. Осылайша от жауынгерлері ыстығы бет шарпитын жалын мен қолқаны қабатын қою түтінге қарамастан тілсіз жаумен арпалысқа түседі. Есесіне небәрі 25 минутта өртті толығымен жояды. Ал тұрғынүйлер өрттен аман-есен қорғалып, ешбір жан жапа шекпейді. Міне, осылай біріне-бірі жапсарласа соғылған тұрғынүйлерді өрттен құтқарып қалған өрт сөндірушілерге тұрғындар да жарыса алғыс айтумен болады. Ал Қалыбек жігіттермен бірге өрт жеңдерін жинап, жұмыс орнына оралады. Қалыбек мұнан өзге де түрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға белсене қатысқан білікті маман. Олардың өрт сөндіру бекеті орналасқан ауыл Жуалы ауданы бойынша қыста ең боранды әрі қары да қалың жауатын ауылдардың бірі. Сондықтан қыста жолда қалған адамдар мен техникаларды қар құрсауынан құтқару, құтқарылған адамдарды жылыту пункттеріне немесе үйлеріне жеткізу секілді жұмыстарға олардың еті әбден үйренген. Ал жазда дала өрттерімен күрес жүргізу Қалыбек бастаған өрт сөндіруші-құтқарушылардың басты міндеті. Қалыбек бүгінде өзінен кейінгі жастарға үлгі болып, жол көрсетіп, тілсіз жаумен арпалыста қолданылатын сауатты әдіс-тәсілдерімен бөлісуден жалыққан емес.

Leave A Reply

Your email address will not be published.