Құмар ойын ойнама!

977

Құмар ойындарына деген қызуғышылық наркоманиядан кем түспейтін ауру. Ал қазіргі кезде ел арасында қоғамдық орындарда ойын автоматтары, букмекерлік кеңселер өте көп. Оған еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін барып жүр. Күнделікті дүкендерде, сауда орталықтарында, тағы да басқа мекемелерде, ойын автоматтарының маңайында үймелеп тұрған адамдарды жиі көреміз. Бұл – біріне бизнес болса, біріне құмарлығын қанағаттандыратын іс болып есептелетіні хақ. Еліміздің тұрғындары орташа есеппен айтқанда жыл сайын құмар ойындарға 15 миллиард теңге жұмсайды.
Құмар ойындарының тарихы ежелден бастау алады. Грек-рим тарихында да ертеде құмар ойындарының болғанын растайды. Жеңіліс тапқан ойыншы ортаға тігер ешнәрсесі қалмағанда, құл болып кетуге де барған деседі. Ал 15 ғасырда сүйек лақтыру ойыны картаға алмасады. 1989 жылдан бастап, КСРО аумағында ойын автоматтары орнатыла бастады, ал 1990 жылдары Қазақстанда казинолар ашылып, 2000 жылға қарай еліміздің ірі қалаларын ойынханалар желісі жаулап алды. Осы ретте құмар ойындарға байланысты арнайы заң қабылданған. Заңға сәйкес казинолар мен ойын залдары Алматы облысының Қапшағай қаласы және Ақмола облысының Шортанды ауданында ғана шоғырланды, басқа жерлерде құмар ойын мекемелерінің орналасуына қатаң тыйым салынды. Ғаламтор дамыған қазіргі заманда құмар ойының интернеттегі онлайн түрі де пайда болуда. Ұйығына батырып, айрандай ұйып отырған мыңдаған отбасының шаңырағын ортасына түсіріп жатқан бұл дертті тізгіндеудің жолдары қарастырылып жатыр.
Құмар ойындарға құмар болған адам түрлі қылмысқа барып, сол ойындарды ойнау үшін қарызға да кіріп жатады. Бала түгілі, қазіргі уақытта, үлкен адам да тәуелді болып жатыр. Әйелдер арасында да жиған-тергендерін ойынға құйып жіберетіндер көптеп кездеседі. Олар өздері қалай тәуелді болып қалғанын білмей қалады. Бұл олардың мінез-құлқына кері әсер тигізеді. Адамды құмар ойынға жетелейтін бірнеше факторлар бар. Біріншіден, өз-өзіне деген сенімсіздік, төмен бағалау. Шынайы өмірден гөрі, виртуалды өмірге жақын болу, эмоцияны басқара алмау. Екіншіден, өз-өзіне көңілі толмаушылық, жалғыздық, ешбір еңбексіз бірден байып кету тілегі, психикалық ауруға деген бейімділігі және басқа да тәуелділіктер. Жапон ғалымдары соңғы зерттеулерінде ойынға тәуелділік «бақыт гармонының» жетіспеуінен де болатынын дәлелдеп отыр. Тәуелді адамның ішкі проблемасына, жасырын комплекстеріне, конфликтілік ситуацияларына, сенімге және адамның терең, ішкі балалық шақтағы психологиялық жарақаттарын емдеумен қатар жүреді. Сонымен қатар, әлеуметтік қолдау да маңызды орын алады. Яғни, достары мен жақын туыстарының қолдауы, эмоционалдық жылы қарым-қатынас, сүйікті ісімен айналысу, еңбекке және спортқа бейімдеу, ең негізгісі – өзінің емделуге деген жоғары мотивациясы мен сенімділігі. Бұл дертке шалдыққан адамдардың өз еркімен емделуге келетіндері бірен-саран ғана. Құмар ойын тек қазақ қоғамы ғана емес, адамзаттың індеті, дерті. Сондықтан, әр адам өз құмарлығы мен нәпсісін тыя білуді үйренсе деймін.

Нұрдәулет СЕРІКҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.