Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатқан Кеңес үкіметі білім жүйесінің батыстық жүйеден артықшылығы туралы ақпарат — жалған, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
«Қазір әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде (Whats App және т.б.) «Ұлыбритания мектептері кеңестік білім жүйесіне көшуін аяқтады» деген тақырыпта жалған ақпарат таратылып жатыр. Мақалада Кеңес үкіметі білім беру жүйесінің батыстық жүйеден артықшылығы жайлы айтылған» делінген хабарламада.
Ведомство таратқан мәліметке сай, ақпаратты фактчекинг арқылы тексеру барысында материал Ресейдің сатиралық «Панорама» басылымының кезекті фейкі екендігі анықталды. Америкалық сайттарда да мұндай ақпарат таратылмаған.
Сатиралық «Панорама» басылымы — юморлық фельетон-жаңалықтар сайты. Олар мақсатты түрде халықты адастыруға бағытталған ақпараттар жазады. Бастапқы беттің төмен тұсында «Ескерту» бөлімі орналастырылған. Онда сайт авторлары былай деп мəлімдейді: «Panorama.pub сайтында келтірілген материалдардың барлығы ерекшеліксіз сатира, əрі ойдан құрастырылған».