Қосымша сабақтың балаға берері көп

808

Бала – болашағымыз, сондықтан да әрбіріміз ұл-қызымыздың сауатты, жан-жақты, білікті әрі еңбекқор, саналы азамат болып өскенін қалаймыз. Қолдан келгенінше соған барымызды саламыз. Көп ата-аналар жұмысбасты болғандықтан, балаларын мектептен тыс уақытта қосымша білім беру орталықтарына апаруды қалайды. Әрине, бұл күні бойы жұмыста жүретін ата-аналар үшін де, мұғалімдерге де үлкен көмек. Бірақ, баласын ақылы түрде қосымша оқыту ата-аналардың бәріне қолжетімді ме? Және оқу орталықтарына барған баланың бәрі бірдей зерек те зейінді болып шыға ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Ел билігі шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіп, жеке кәсіпкерліктің кең өріс алуына мүмкіндіктер жасап жатқан бүгінгі уақытта білім беру ісін де табыс көзіне айналдырған азаматтар баршылық. Аудандарда бірен-саран кездесетін бұндай орталықтар Тараз қаласында жетіп артылады. Мысалы, қала тұрғыны Гүлжахан Қазақбаева биыл мектепке баратын ұлын «Росток» білім беру орталығына беріпті.
– Бәріміз де баламыздың ертеңінен мол үміт күтеміз. Солардың қатарынан қалмай, саналы адам болып өсуі үшін таңның атысы, күннің батысында дамыл таппай еңбектеніп жүрміз. Отағасымен ақылдаса отырып, ұлымыз Нұрисламды қосымша білім беру орталығына жаздырдық. Қазір ондай жеке мекемелер көп. Сондықтан, алдын ала бұл туралы мәліметтер жинап, жүрген жерімнен сұрастырдым. Көпшілігі «Ростокты» мақтады. Сондықтан, біздің таңдауымыз осыған түсті, – дейді жас ана.
Біз де өз бетімізше облыс орталығындағы осындай орындарды аралап, баға нарқы мен дәріс беретін педагогтарының біліктілігін саралап көрдік. Әрине, жұмысының жемісті болуын басты мақсат еткендермен қатар, тек пайда көзі үшін ашып, ата-анасы қолы тимеген кезде баласына қарап отыруды ғана ойлағандар да бар. Әрқайсысы шама-шарқына қарай түрлі қызметтерді көрсетеді.
Мәселен, «Қайнар» колледжі тек ұзартылған күн тобын ғана ұйымдастырып отыр. Топ 20 балаға арналған. Таңертең оқитындар үшін түстен кейін, ал екінші ауысымда мектепте болатындарды сағат 9-да қабылдайды. Мұндағы жоғары санатты мұғалімдер балаларға үй тапсырмасын орындауға көмектесіп, қызығушылықтарына қарай ойнатады. Бір мезгіл тамақтандырады. Қазақ, ағылшын, орыс тілі мен математикадан қосымша білім береді. Қаланың дәл орталығында орналасқандықтан біраз мектеп оқушылары үшін тасымалы тиімді екен.
Қала ішінде бірнеше филиалдары бар «Жас зияткер» білім орталығы мұғалімдерді біліктілігімен қоса баламен тілтабысқыш қабілетіне қарай іріктеп алған.
– Оқыту, тәрбиелеу ісінде басты назар ұстаздың қарым-қабілетіне аударылу керек деп білемін. Себебі, бала жас шыбық секілді, қалай бағыттасаң, солай бейімделеді. Алдында сабақ беріп тұрған мұғалімнің айтқандарын миына сіңіре отырып, іс-әрекетіне қарап бой түзейді. Сондықтан, мұғалімдерімізді жұмысқа қабылдарда әбден іріктедік. Біздің орталықта балаларды 1-сыныпқа дайындау, қазақ, орыс, ағылшын тілдері мен математиканы тереңдетіп оқыту, репетиторлық, логопед қызметтері көрсетіледі. Мектепке баратын балалар үшін «Ұзартылған күн тобы» да бар. Биылғы жаңа оқу жылына өткен жылдағыдан басқаша бағдарлама әзірлеудеміз. Себебі, білім саласында жылда өзгерістер болып жатады. Соған қарай қызмет бағалары да биыл былтырғыдан өзгеруі мүмкін. Ал, әр пәннің оқыту бағалары әртүрлі. «Ұзартылған күн тобы» өткен жылы айына 10 мың теңге болған, биыл қалай болатыны әзірге белгісіз, – дейді аталмыш орталықтың басшысы Аида Рысбаева.
Алайда, қосымша білім беру орталықтарының қомақты қаржы талап ететінін жоғарыда айттық. Оны кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Оның үстіне дүниетанымы енді ғана қалыптасып келе жатқан өреннің ой-өресіне артық салмақ салуға тағы болмайды. Мұны психологтардың өзі растап отыр. Қазіргі оқу бағдарламаларының жылдан-жылға күрделене түскендігін ескерсек, мамандардың текке шырылдамайтындығын түсінуге болатындай.

Leave A Reply

Your email address will not be published.