Таразда көрнекті қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлымен әдеби кездесу өтіп, жаңа кітабы таныстырылды.![]()

Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен жазушы Көсемәлі Сәттібайұлымен «Жалғызқара» романына арналған тағылымды әдеби кездесу өтті.
Іс-шара «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында ұйымдастырылып, ел руханиятына сүбелі үлес қосқан қаламгер шығармашылығын насихаттауға арналды.


Кездесудің негізгі арқауы – жазушының Кемел Тоқаев туралы жазған «Жалғызқара» атты ғұмырнамалық-танымдық романы. Қазақ детективінің негізін қалаушы жайлы жазылған бұл шығармада автор тарихи шындық пен көркемдік әдісті шебер ұштастырып, ел басынан өткен қиын кезеңдер мен азаматтық ұстанымдарды терең суреттеген.
Іс-шара аясында фойеде роман жазу барысында жиналған архивтік құжаттар мен фото-суреттерден құралған көрме де көпшілік назарына ұсынылды.

Кездесуге әдебиеттанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысып, роман туралы пікір білдірді. Өз кезегінде сөз алған Ф.ғ.д., профессор Сәмен Оразғалиұлы:
– «Жалғызқара» – дерекке негізделген, шындықты арқау еткен кесек туынды. Кемел Тоқаевтың өмір жолын оқырманға жақын әрі шынайы жеткізе білген», – деді Сәмен Құлбарақ
Кеш барысында ерекше құрмет көрсетіліп, Жамбыл облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазушы Көсемәлі Сәттібайұлына арналған Алғыс хатын табыстады. Айта кетерлігі, бұл шығарма үшін Мемлекет басшысы қаламгерге арнайы құттықтау хатын жолдаған. Онда Президент:
«Ұлттық әдебиетіміздің дамуына мол үлес қосып жүргеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін», – деп жазған.
«Жалғызқара» романы – архив пен көркем ойдың тоғысында дүниеге келген, тарихи жадыны жаңғыртатын құнды дүние ретінде әдебиет сүйер қауым жоғары бағалауда.