Қордайда жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді

123

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қордай ауданы Қарасу ауылында «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген дене шынықтыру және сауықтыру спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысып, ауылдықтарды қуанышымен құттықтады.

Жалпы құны 342 миллион теңгені құраған нысан құрылысын «Тараз-ҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.
Мұнда ауыл тұрғындары спорттың 10-ға жуық түрімен айналысатын болады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың спорт арқылы ұлт саулығын тұрақты дамыту мақсатындағы стратегиялық бағыты қашан да маңызды.

Елімізде бұқаралық және балалар спортын дамытуға барлық жағдай жасалуда. Өңірімізде де бұл саланың дамуына айрықша көңіл бөлінуде.
Бүгін ел игілігіне беріліп отырған спорт кешенінен болашақ әлем чемпиондары мен жүлдегерлеріның шығатынына сенімім мол, — дей келе Ербол Қарашөкеев салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Айта кету керек, қазіргі таңда облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатындар қатары 489 мыңнан астам адамға немесе облыс тұрғындарының 40 пайызына жеткен.
Жалпы, облыстың спорт саласын дамыту үшін 13,9 млрд. теңге бөлінді.

Өткен жылы өңірде 4 спорт нысаны мен 62 спорт алаңшасы қолданысқа берілсе, биыл 16 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек.

Ал, аудан бойынша  жалпы 352 спорттық нысан жұмыс істесе, соның жалғасы ретінде бүгін ашылғалы отырған заманауи үлгідегі, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген спорт кешені ел игілігіне қызмет ететін болады.

Салтанатты шарада Қарасу ауылының ақсақалдар алқасының төрағасы Бақыт Момаханов сөз алып, тұрғындар атынан ризашылығын жеткізді.

Жаңа нысанның лентасы қиылғаннан соң аймақ басшысы кешенді аралап, спортты серік еткен жасөспірімдерге сәттілік тіледі.

 

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.