Қордай ауданында екі мектеп есігін ашты

845

1 қыркүйек – Білім күні Қордай ауданында екі орта мектеп пайдалануға берілді. Олардың бірі – Сұлутөр ауылдық округіне қарасты Көктөбе ауылында, екіншісі Бетқайнар ауылдық округіндегі Соғанды ауылында ашылды, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Көктөбе аулындағы 1936 жылы іргесі қаланған №40 орта мектеп ғимаратының тозғанына байланысты облыс басшылығы ауылға жаңа білім ошағы қажет деп тауып, былтыр облыстық бюджеттен оның құрылысына 339,5 миллион теңге қаржы бөлінген. Құрылысы 2017 жылы басталған 50 орындық білім ұясын мердігер компания «ЦентрСнабСервис» ЖШС белгіленген мерзімде тапсырып отыр. Жаңа мектепте 16 мұғалім 9 сынып-комплектіден құралған 54 оқушыға білім бермек.
Ашылу салтанатына келген облыс әкімі аппаратының құжаттама және бақылау бөлімінің басшысы Серік Әлібеков құттықтау сөз сөйлеп, облыс әкімі атынан мектепке теледидар сыйға тартты.
Ауыл тұрғындары да салтанатты жиын барысында ақжарма тілектерін айтып, облыс, аудан басшылығына алғыстарын білдірді.
Ал Соғанды ауылында өткен Білім күні мерекесіне ауыл тұрғындары мен мектептің бұрынғы түлектері, қонақтар көптеп жиналды. Әсіресе, жаңа жабдықтармен қамтылған сыныптарда жаңаша жүйемен білім алатын оқушылардың қуанышында шек жоқ. Ескі мектеп орнынан бой көтерген Соғанды ауылындағы 50 орындық №33 орта мектептің жаңа ғимараты құрылысына облыстық бюджеттен 395,898 миллион теңге бөлініпті. Құрылысы былтыр басталған мектеп ғимаратын мердігер «ТемирСтройСервис и Со» ЖШС уақытылы салып бітіріп, пайдалануға беріп отыр.
Мектептің лентасы қиылғын салтанатты жиынғы аудан әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаев қатысып, ұстаздар мен оқушыларға табыс тілеп, айтулы қуанышпен құттықтады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.