Қордай архиві жаңа ғимаратқа көшті!

96

Қордай ауылында «Қордай ауданының мемлекеттік архиві» КММ-нің жаңа ғимараты ашылды. Аудандық архив қызметкерлері көптен күткен қуанышқа кенелді. Аудандық архивтің ашылу салтанатын аудан әкімі Бегзат Болатбеков бастап, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Ерлан Жүнісбай, аудандық «Аманат» партиясының төрағасы Бейқұт Жамангозов, Жамбыл облысы, Қордай ауданының зиялы қауым өкілдері, Алматы қаласының архив қызметкерлері қатысты. Сонымен қатар, Сонымен қатар, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын Орталық мемлекеттік архивтің директоры Сәбит Шілдебаев оқып берді. Іс-шараның құрметті қонақтары осы саланың ардагерлері мекеменің лентасын қиып, әжелер шашу шашты.
Алғысөз аудан әкіміне беріліп, Бегзат Сейсенқұлұлы: «Баршаңызды 22 желтоқсан – «Архившілер күні» кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ауданымызда көптен күткен жаңа архив ғимаратын қолданысқа бергелі отырмыз. Бұл ғимарат облысымыздағы, қала берді республика деңгейіндегі ең үлгілі архивтердің бірі болмақ. Баға жетпес құнды қазына болып табылатын тарихи-мәдени мұраларымызды сақтаудағы еңбектеріңіз әрқашан жемісті болсын! Отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін!» — деді.
Кейіннен қонақтар салтанатты түрде ашылған ғимарат ішіне кірді. Аталған құрылыстың жалпы жоба құны 337661,80 млн. теңгені құрады. Аудандық архив ғимаратының құрылыс жұмыстарын «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС-і жүргізген болатын.
Архив– тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын арнаулы мекеме. Халықтың тарихи-мәдени құжаттық мұраларын сақтайтын архивтер, мемлекеттілік нысандарының бірі болып табылады. Қазіргі таңда «Қордай ауданының мемлекеттік архиві» КММ-нің директорі Қатира Уәлиева бастаған барлығы 13 қызметкер жұмыс жасайды. Заман талабына сай салынған ғимараттың іші де заманауи техникалармен қамтамасыз етілген. Архив ғимараты 2 қабаттан тұрады. Жалпы ауданы 821,5 шаршы метрді құрайды. Ғимаратта құжаттарды қабылдау бөлмесі, арнайы қоймалар және де мәжіліс залы бар. Бір сөзбен айтқанда мамандардың жұмыс істеуіне бар жағдай жасалған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.