Көпқырлы дарын

230

Дүниеге келген әрбір саналы адамның өзіндік өмір жолы, бет-бағдары, өріс-өнегесі болады. Ол – сол адамның мақсат-мұратының ізгілігі, байсал болмыс-бітімі, табиғи қарым-қабілетіне сай еткен еңбегі, жеткен жетістігі, арқалаған аманатымен өлшенеді. Ондай азаматтың өмірі соқтықпалы-соқпалы болғанымен, өзіндік өрнегі бар ерекше ғұмыр іспетті, қашанда алыстан мұнартып, көзге көрініп тұрады.

Үнемі халық назарында болады. Осы тұрғыда тіршіліктің көш-керуенінде өзін­дік бет-бейнесімен танылған азамат­тар­дың бірі, сөз жоқ, белгілі әдебиетші ғалым, қа­рымды қаламгер, абзал азамат Кенжебай Кә­рібозұлы Ахметов. Кенжебай – сөзі мен ісі жа­расқан, жаратылыс бойына кісілік қалып пен кішілік мінезді молынан берген, бол­мы­сы бөлек тұлға. Жүрісі маң-маң басқан нар­тайлақтай маңғаз, әрбір іс-қимылынан са­быр мен қадір мен мұндалап тұратын, қазіргі қы­рық құбылған тірлікте де азаматтық адал бі­тіміне көлеңке түсірмей келе жатқан, орын­сыз өрекпуді білмейтін, тынысы кең, те­бін­гісі берік, тектілігі мен беттілігі көзге бір­ден байқалатын жігіт ағасын мен сонау ба­ла күнімнен білемін. Біз – бір ауылдың, бір мек­тептің түлегіміз. Бүкіл саналы ғұмы­рымыз Қараағаш атты киелі жердің қара ор­ман жұртымен берік тамырлас, сабақтас.
Кенжебай менен екі класс жоғары оқы­ды. Мектепте жүргенде ерекше шә­­­­­кірт болып танылды. Сабақты үздік оқы­ды, қоғамдық өмірде белсенді, қатарлас­тары­ның алды, серкесі болды. Алғашқы балау­са өлең, шағын әңгімелері, ауыл, мектеп өмірінен жазылған хат-хабарлары жоғары класстарда оқып жүргенінде-ақ мерзімді басылымдарда жиі жарияланып тұрды. Мектепті алтын медальға бітіруге тиіс еді. Бір себептермен медальға ілікпей қалды. Есе­сіне Алматыдағы Қазақ мемлекеттік (қа­зір ұлттық) университетінің бәсі аса жоғары фи­лология факультетіне бірден түсіп кетті. Әсем қала Алматының сан қырлы, сиқырлы аурасы, бүкіл елімізге танымал марқасқа ұстаз-ғалымдардан алған дәріс, бас қаланың бай рухани өмірі, дулы-думанды әдеби, мә­дени ортасы жас жігіттің алдынан жаңа, шек­сіз көкжиек ашқандай еді. Міне, осындай шал­қар өріс, соны соқпаққа түскен Кен­же­бай шөлдегі жолаушы секілді білім-ғылымға құ­ныға бас қойды, әдебиет әлеміне құлшына кірісті. Алматының аузын айға білеген ақын-жазу­шыларының алдын көріп, шығарма­шы­лығымен жақын танысып, сондай-ақ университеттің журналистика, филология факультеттеріндегі екінің бірі саналатын та­лантты, талапты жас қыз-жігіттерімен сөз қа­ғыстыра, ой жарыстыра жүріп, өзі де қа­ламгерлік тұрғыда бағыт-бағдарын айқын анық­тап алды, жаңа ізденіс жолына түсті. Кә­сіби көркем әдебиеттің талаптарына то­лықтай жауап беретін, төрт аяғын тең бас­қан «Жортуылбасы», «Құтты қонақ», т.с.с. әңгі­ме, өлеңдерін университет қабырғасында жүріп жазды. Ол туындылары «Жұлдыз», «Қа­зақ әдебиеті» сынды республикалық бет­ті, беделді газет-журналдарда жарық көрді. Әде­биетші ұстаз-ғалымдар тарапынан жақ­сы бағаланды, белгілі ақын-жазушылардың назарына ілікті. Бірқатар әңгімелері түрлі әдеби байқау, конкурстарда жеңімпаз болып танылды, жүлделі орындарды иеленді.
Бес жыл бойы білім нәрімен молынан су­сын­дап, үнемі озат студенттер қата­ры­нан көрінген ізденімпаз, ілкімді жас­ты университет бітірген кезде аспирантураға қал­дыру жөнінде де сөз шығып еді. Дегенмен, тағы сол – бір кем дүние… Оның да реті кел­меді. Сөйтіп, үлкен еңбек жолын туған ауы­лында, өзі түлеп ұшқан Ынталы орта мек­тебінде мұғалім болып бастады. Кен­же­бай­дың ат-атағы, қарым-қабілетіне бұрыннан жақсы қанық әріптестері – ұстаздар қауымы оны бірден оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі етіп тағайындады. Содан бірнеше жыл ауыл мектебінде мұғалімдік қызметті абыроймен атқарды. Шәкірттеріне сүйікті тәлімгер, ұстаз­дарға қадірлі әріптес бола білді. Ауыл­дың рухани-мәдени өміріне де белсене ара­ласты. Жергілікті көркемөнерпаздардың кү­­­шімен бірнеше пьеса, спектакльдер даяр­лап қойды. Оларды ауыл тұрғындары қы­зы­ға тамашалады. Өзі де қалам суытпай, «Ала­ғай да бұлағай бір дүние» секілді кесек по­весть-хикаяттар жазып жүрді.
Терең, зият білім, кең парасат-пайым иесі, сегіз қырлы, бір сырлы азаматқа қанша дегенмен алыс түкпірде жатқан ауыл­дың қарым-мүмкіндігі аздық ететін еді. Кен­жебай енді жаңа өріс, тың ізденістерге талпынды. Сол мақсат жетегінде 1991 жылы Жезқазған қаласына қоныс аударып, осын­дағы педагогикалық институтқа жұмысқа орналасты. Бастабында қазақ тілі мен әде­биеті кафедрасының оқытушысы, кейінде университетке айналған оқу орнының қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті болып ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Студенттер аудиториясын­да салмақты лектор саналды. Ізденушілер ара­сында табанды маман ретінде танылды. Ғы­лыми-зерттеу мен педагогтік ұстанымды бе­рік қабыстыра алған жас оқытушы шәкірт­тер ортасында да, оқытушы-мамандар орта­сында да сый-беделге ие болды. Ғылымның қия жолында тынбай еңбектеніп, 2001 жылы «Айқын Нұрқатовтың әдеби сын, ғылыми-зерттеу еңбектері» тақырыбында кандидат­тық диссертациясын сәтті қорғап шықты.
Біз бүгін сан саналы дарын иесінің көпшілік жақсы білетін бірнеше қырын бөле-жара айтып кеткіміз келеді.
Кенжебай – зерделі ғалым. Жоғарыда айтқанымыздай, кандидаттық дис­сертациясын қорғаған соң, соның негізінде «Айқын Нұрқатов – әдебиет сыншысы», «Айқын Нұрқатов – әдебиет зерттеуші» оқу құрал­дарын шығарды. Сондай-ақ «Жүсіпбек Аймауытов драматургиясын оқыту», «Дра­матургиядағы тарихи шындықтың көркем­дік сипаттарын оқыту», «Студенттердің жаз­баша ғылыми жұмыстары», т.б. оқу-әдіс­те­мелік құралдары мен көптеген ғылыми ма­қа­лалар жазып жариялады.
К.Ахметов қаламынан туған оқу құрал­дарының ішінде «Әдебиеттану әліппесі», «Әде­биеттануға кіріспе» оқулықтарының маз­мұны да, маңызы да бөлек. Қазақ тіл-әде­биетіне маманданушы студенттер үшін бас­ты пән болып саналатын әдебиет тео­риясының бастау қайнарларын барынша байыпты, ғылыми тұрғыда тектеп, жүйелеп шыққан бұл еңбек қазірде еліміздің жоғары оқу орындары тұрмақ, көршілес Қытай Ха­лық Республикасындағы Ұлттар Универ­си­тетінде оқу процесінде кеңінен пайдаланы­луда. Аталған еңбектер әдеби туындыларды теориялық тұрғыда пайымдаудың дәстүрлі негіздерін алға тарта отырып, жаңа заман туындатқан тың талдау, зерттеу әдістерінің тео­риялық тұжырымдарын қамтуымен маңыз­ды. Әдебиет теориясының алғашқы бас­пал­дағы – ондағы ұғымдар мен санат­тар­ды жан-жақты меңгеріп, түсіну, сол арқылы әдеби шығармашылық табиғатын терең игеру екені белгілі, К.Ахметов оқулығы осы та­лаптарға толығымен жауап беретіндігімен құн­ды. Ширек ғасырға жуық уақыттан бері кең ауқымды сұранысқа ие болып, қол­да­ныстан түспей келе жатқаны да сондықтан. Әдеби даму проблемасына арналған теория­лық ой-тұжырымдары ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Рымғали Нұрғали құрас­тырған «Әдебиет теориясы» хресто­матиясына да енген. Ғалым үшін бұл аз табыс болмаса керек.
Кенжебай – көп қырлы қаламгер. Әде­биеттің барлық жанрлары бойынша ұзақ жылдардан бері тынбай қалам тербеп ке­леді. «Алағай да бұлағай бір дүние» атты про­залық жинақтың, «Қоңыр күй» өлеңдер жи­нағының, «Қос қағыс» прозалық, драма­лық шығармалар жинағының авторы. 2018 жылы «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен шығармаларының бір томдығы жарық көрді. Әлем әдебиетінің жауһарларын барынша көп оқыған, молынан игерген кәсіби жазу­шы, шыншыл суреткер, сарабдал сарапшы өз шы­ғармаларына да сондай биік талап қоя бі­леді. Оның қай жанрдағы болсын туын­ды­сынан артық тұрған арзан сөзді, селкеу сөй­лемді кездестірмейсің. Қашанда нақты, ны­ғыз жазуға тырысады. Соның нәтиже­сін­дей, қаламгер шығармашылығы сан саладан бір арнаға тоғысып келіп, терең тағылымды, кең тынысты көркем туындылар қатарын құрайды.
Жазушының тақырып аясы кең, уа­қыт мерзімі де әр кезеңдерді қам­тиды. Мәселен, «Жортуылбасы» хикаяты, «Ала­ғай да бұлағай бір дүние» повесіне сонау ХІХ ғасыр, өткен ғасырдың 20-жылдарғы ел ба­сына күн туған заман, аласапыран оқи­ға­лар арқау болса, «Құтты қонақ», т.б. әңгіме-но­веллалары қазіргі заманның күнделікті күй­бең тірлігі мен қарапайым тұрмысын сөз етеді. Ол прозалық шығармаларында аза­мат­тықтың, адамшылықтың ең басты әлеуметтік құн­дылық екенін, одан өрбитін парасат, ма­хаббат, мейірім, қайырым сынды адами қа­сиеттердің ең қасиетті парыз екенін паш ете­ді. Аталған шығармалар адамның адам­гершілігі, азаматтығы үшін тек қилы заман, қия­мет оқиғалар ғана емес, күнделікті тұр­мыс-тіршілік, қатардағы оқиғалардың өзі де қатал сын бола алатынын қапысыз ұғын­дыра­ды. Қызыл-жасыл дүниенің күнгейі мен кө­леңкесі, жұмыр басты пенденің ішкі тол­қынысы, жан арпалысы К.Ахметовтің про­засы мен драматургиясында өмірдің өзіндей, артық бояусыз, әсіре сөзсіз, өте нанымды кө­рініс тапқан.
К.Ахметовтің драматургиясы хақында ай­рықша атап өткен жөн. Ұлы Абайдың 150 жыл­дығына арналған республикалық театр­лар фестивалінде Бас жүлде иеленген «Ерте оян­дым, ойландым, жете алмадым» драма­сы­нан беріде де бірнеше драмалық шығар­малар жазды. Ол туындылар алдымен өзіне етене, берік шығармашылық байланыстағы Жез­қазған театрында, кейіннен еліміздің бір­қатар басқа театрларында сәтімен сахна­ланды. Мәселен, «Құданың өзі, құдайдың «кө­зі» келгенде» аталатын сатиралық коме­диясы 2002 жылдан бастап Жезқазған теат­рында тұрақты жүруде. Сондай-ақ Қазақстан Жазу­шылар одағы мен «Қазақмыс» кор­пора­циясы ұйымдастырған республикалық кон­курста Гран-при иеленген «Дәуірлер тоғы­сын­да» (қойылымда – «Қанда бар ғой, қан­да!..») драмасы, «Шырақ» тарихи драмасы, «Шыр­­ға алаңында» драмасы да театр сах­на­сынан түспей келе жатыр.
Тегінде, драма, сахна өнері бір басына бір­неше жанрды тоғыстырған аса күрделі, ықпыл-жықпылы көп сала. Драма жазу­ға екінің бірінің дәті барып, тәуекелі жү­ре бермейді. Ол үшін кең тынысты білім-білік, таным-түсінікпен қоса қаламгерлік, сах­нагерлік тылсым түйсік те аса қажет. Кен­жебайдың драма саласында да бірден кә­сіби деңгейден көрінгені, театрлар қауым­дастығы, сыншыларының көңілінен шық­қаны да осы жанрға қатысты арғы-бергі жа­­зыл­­ған жәдігер атаулыны түптеп оқып тауыс­қан тыңғылықты даярлығы, әрі сонау Алма­тыдағы академиялық театрлардан бас­тап ауыл сахналарына дейінгі қойылымдарды жібер­мей көріп, жіті қадағалап, байыптай білген көзіқарақтылығының арқасы еді. Ал дегеннен тарихи тұлғалар, тарихи кезеңдер, әлеуметтік тақырыптарға батыл баруына да осы айтылған сын-сыпаттар барынша ықпал етті. Драмалық шығармаларының халық­шыл­дық қарымының, әлеуметшілдік әлеуе­тінің биік адамгершілік қасиеттермен, жү­рек­ке жылы тиетін мейірбандықпен ас­тасып жатуының сыры да осында.
«Құданың өзі, құдайдың «көзі» келгенде», «Шырға алаңында» драмаларында ұлттық даму мен ұлттық намысты алға бас­тырмай келе жатқан кеса­пат мінез-құлықтар барынша әшкереленеді. Аталған спектакльдер, сондай-ақ «Қанда бар ғой, қанда!..» драмасы әлеуметтік көз­бояу­шы­лықтың қазақ қауымын білдір­мей, жегідей жей бастағанының көлеңкелі көрі­ністерін ұлттық ха­рак­терлер мен тұрмыстық ситуациялар арқылы жан-жақ­ты зерделеуді мақсат ет­кен. Автор ұлтсыздану процесі­нің қалай жүріп жатқанын көр­кем бейнелер арқылы шебер көрсете білген. Қорыта айтқанда, Кенжебайдың драмалары оның шығармашылығының қо­мақты бір бөлігін құрайды, айрықша орынға ие, тәлім-тағылымға толы.
Талант қай салада да талант. Драма, сахна өнерін шебер меңгергендігінің ар­­­қасында ол кейінгі кезде режиссерлік са­лада да бақ сынап жүр. 2019 жылы «Наза» фи­­льмін түсірді. Өткен жылы ерекше тағдыр иесі, аса дарынды сазгер Жақсыкелді Сейі­лов­тің балалық және бозбала шағын арқау ет­кен «Неге солай?» фильмі көрерменге жол тарт­ты. Сценарий авторы әрі режиссері – Кен­­­жебай Ахметов. Алдағы уақытта қалың бұ­қара жақсы қабылдаған бұл фильмнің заң­ды жалғасы ретінде «Қаракөз» фильмін тү­сіру жоспарында бар. Өйткені Ж.Сейі­лов­тің үлкен сахнадағы ғұмыры «Каракөз» ансамб­лімен тығыз байланысты екені белгілі.
Кенжебай өлең жазумен де тұрақты шұ­ғыл­данып келеді. Ертеректе Жез­қаз­ған облысы жазба ақындарының тұңғыш жыр сайысы – Мүшәйрасының жеңімпазы бо­лып танылған. Республикалық «Бір өлең – бір әлем», «Мәңгілік Ел – ұлт мұраты», «Ел қор­ғаны – Ер Жәнібек», т.б. жыр мүшәйра­лар­дың жүлдегері.
Ақын ретінде де ол қазақ өлеңінің інжу-мар­жанын теріп, мұнтаздай етіп мінсіз өре біле­тіндігімен еріксіз таңдандырады. Тың, то­сын теңеу, соны сөз тіркесі, шырайлы шу­мақ, шымыр ұйқасты өлең-толғаулар – қан­дай да болсын талаптарға төтеп беретіндей, сыры тұнық, иірімі мол, салмақты туын­ды­лар.
Кенжебай – әмбебап аудармашы. Жақс­ы жадымда, ауылда еңбек етіп жүр­генінің өзінде Рюноске Акутагава, Джан­ни Родари сынды классик жазушылардың ша­ғын әңгімелерін аударып, мерзімді басы­лым­дарда жариялап тұратын. Көркем аудар­ма­шылық та автордың тұрақты шұғылданып ке­ле жатқан саласының бірі. Қалам иесіне ау­дарманың тигізер ықпалы зор. Тіл ұстарту, сөз­дік қорын байытуға бірден бір керек тір­лік. Автордың бұл саладағы еңбектері, же­тіс­тіктері де ауыз толтырып айтарлықтай.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдар­ла­ма­сы­ның кітап сериялары қатарынан «Ежелгі дү­ниедегі және византиялық дерек­көз­деріндегі Ұлы Дала тарихы» аталатын 4 том­дықтың үшінші және төртінші томдарын, «Ежел­гі Шығыс әдебиеті» жинағын, Джо­ван­ни Боккаччоның «Декамерон» новеллалар кіта­бын, Данте Алигьеридің әйгілі «Құдіретті ко­медия» поэмасын аударған. Өткен жылы Стефан Цвейгтің «Амок», «Бақилық ағаның көз жасы» новеллаларын сәтті аударғаны үшін Мәдениет және спорт министрлігі ұйым­дастырған «Айбоз» ұлттық тұңғыш әде­би сыйлығының «Үздік аударма» номина­ция­сы бойынша жеңімпазы атанды.
Жалпы, ұлттық әдебиеттің дамуына төл­тума шығармалармен, белгілі бір дәрежеде сапалы аударма туындылар да әсер етеді. Әлем әдебиетінің озық үлгілерін біз осы аудармалар арқылы танып білеміз. Бұл жөнінде Кенжебайдың өзі: «Біздің әде­биет – аударма жасаудың түрлі кезеңдерін өт­керіп, жап-жақсы тәжірибе жинақтаған әде­биет. Мәселен, бір кезеңдерде өзге ел ав­торларын, олардың шығармаларын таныс­тыру мақсатында аудармалар жасалды. Бұл тұста шығарма мазмұнын, ой-идеясын жет­кізу мақсат етілгендіктен, еркін аудару ба­сым болды және ондай аудармалар өз уақы­т­ы­ның қажетін өтеді. Одан кейінгі кезеңде ау­дарылып отырған автордың, шығар­маның ерекшелік­теріне нұқсан келтірмей аударуға ден қойыл­ды. Оқырман жадынан өшпей жүр­ген ау­дар­маларымыз осы кезеңге тән. Нағыз көркем аударма осы талапқа жауап беру­ге тиіс. Ол дегеніміз – автордың көз­қа­расын, дүниета­ны­мын, ойын, ой жеткізудегі, суреттеудегі ерек­шеліктерін мейлінше дәл жет­кізу деген сөз, яғни автор стилін аудар­ма­шының өз ыңғайына бейімдеп әкетпей, қаз-қалпында сақтауы керек деген сөз», – деп ой толғайды.
Сөз басында айттым, Кенжебай екеуі­міз жерлеспіз, бір ауылда туып-өстік. Сол ретте сонау бір уақта, қоңыр күздің рах­ман жаңбыры толастамай тұрған абат түн­дерде Кенжебайдың мол кітап қорын ақта­рып, екеуден екеу әдебиет, өнер, оның тұғыр­лы тұлғалары, таңбалы шығармалары тура­лы сыр шертісіп, ой бөлісіп отыратын бей­марал күндер елес береді. Ол да бір дәу­рен еді-ау!..
Қазірде алда-жалда ауылға бара қал­ған­да, ауылдастар, ағайындар ортасына түсе қал­ғанда жиі, жағым талмай айтып жүретін бір жақсы сөзім бар: соңғы 40 жылдан артық у­ақыт мерзімінде біздің ауылдан түлеп ұш­қан тұғырлы азаматтар қатарында Кен­же­бай­дың алдына шығатын ешкім жоқ! Сол алыс ауылдан басталған баталы жол оны жаза бастырмай, әрдайым бедерлі биіктерге бас­тап келеді. Енді міне, өжеттігімен, өршіл­дігі­мен өз тағдырының тұтқасы өзі бола ал­ған қажымас қайрат, қайсар ақыл, жасы­мас жігер иесі қасқайып алпыс атты асқар биік­тің алдында тұр. Қоржыны тоқ, ұпайы түгел.
Бүгінде Кенжебай Кәрібозұлы Ахметов – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі. Бірқатар конкурс-байқаулардың лау­реаты, басқа да мақтау, марапаттары же­терлік.
Не айтса да қалт айтпайтын халқымыз атына кір келтірмей, көлеңке түсір­мей, байыпты, байсал өмір сүрген адамды «аза­мат» дейді. Егер сол адам бір емес, бір­не­ше адамның ісін атқарып, бірнеше жанның өміріне лайық ғұмыр кешсе, «тұлға» деп сол азаматты айтуға болады. Осы тұрғыдан сара­ласақ, «тұлға» дейтін үлкен ұғымға К.Ахме­тов әбден лайық. Ендеше, қия-қия белдерден асып, «ақырын жүріп, анық басып», жүрек күші­нің арқасында ақ пейіл мен адал ниет­тің абзал сөзін абыроймен толғап келе жат­қан дарқан дарынға алдағы уақытта сенім, табыс биігінен көріне бер деп тілек етелік. Ғұ­мырың ұзақ болсын, еңбегіңе нұр жаусын!

Жомарт ОСПАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

https://turkystan.kz/article/218534-kopkyrly-daryn/

Leave A Reply

Your email address will not be published.