Қоныс тойларыңыз құтты болсын!

81
Ежелден елдік мұратты, ұлттық құндылықты ерекше дәріптеген халқымызда ғасырлар бойы кісіліктің көркем үлгілері қалыптасқан. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында.
Қазақ топырағында қалыптасқан «Асар» игі дәстүрі соның бір айғағы. Аталған дәстүр әсіресе ауылды жерлерде өркен жайып, ауылдастары мен туыстары мұқтаж жандарға қол ұшын созатын болған. Бүгінде ұлттың болмысындағы осы бір ерекше қасиет Жуалы топырағында өз жалғасын табуда. Бүгінгі күні Мыңбұлақ ауылдық округі Көлбастау ауылында «Асар» жобасы аясында ауыл тұрғындарының көмегімен соғылған үйдің кілтін аз қамтылған, көп балалы отбасына табыстадық.
«Асар» жобасы облыс көлемінде 2020 жылдан бері мұқтаж отбасылар санатына жататындарға баспаналы болуға көмек беру мақсатында жүзеге асырылуда.
Біздің ауданымыз да бұл игі шарадан қалыс қалмай, 3 жылдың ішінде көп балалы, аз қамтылған 38 отбасының баспаналы болуына ықпал етті. Биыл 9 отбасы баспаналы болып отыр.
Жақыныңа жанашыр болу, көршімен тату тұру, қиналғанға қол ұшын созу – бұның бәрі бізге тән, қанымызда бар қасиет. Қазір бұл қасиеттер ұмыт болып бара жатқандай. Десек те, өңірімізде жүзеге асырылып жатқан айтулы жоба ескіні еске салып, бойымыздағы ізгі қасиеттерді аша түскендей.
Асарлатқан ағайынға алғысымызды білдіреміз! Қоныс тойларыңыз құтты болсын!

Мұртаза Жалғас, Жуалы ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.