Жамбыл облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтуде. Брифингте шаһар басшысы қаланы көгалдандыру және жасыл аймақ құру жайында баяндама жасауда.
– Қаланы көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес «Жасыл белдеу» бағдарламасы қабылданған болатын. Бағдарлама аясында 2023-2024 жылдары жыл сайын 20 га жерге 20 мың тал көшеттері отырғызылса, 2025 жылы 20 мың түп ағаш отырғызылды.
Сондай-ақ қаланың орталық көшелеріне, саябақтарға, және басқа да аллеялар мен скверлерге 2023 жылы – 4,5 мың, 2024 жылы 5 мың түп әртүрлі ағаштар егілсе, ағымдағы жылдың көктем айында – 4 мың, күз мезгілінде 7 мыңға жуық тал егілді.
Қаланың күре тамыры болып табылатын – арық жүйелерінің тозығы жеткен. Осы орайда, арықтарды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. 2023-2024 жылдары осы мақсатқа қала бюджетінен 1,4 млрд теңге қаражат қарастырылып, шағынаудандарда 40,3 шақырым ескі лотоктар жаңғыртылды.
Ал биыл 17 шақырым арық жүйесін жаңартуға бюджеттен 600 млн теңге бөлінді. Қазір қаладағы Желтоқсан, Қазыбек би, Төле би, Байзақ батыр, Ы.Сүлейменов көшелері және «Қаратау», «Жайлау», «Аса», «Жансая» шағынаудандары мен «Химпоселок» аумағында құрылыс жұмыстары жүруде, – деді шаһар басшысы.
Бұдан бөлек, «Түйте» каналының 1,7 шақырымына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілген. Алдағы уақытта «Үшбұлақ» және «Қарасу-2» каналдары да жаңғыртылады деп күтілуде. «Үшбұлақ» су арнасының бірінші кезеңде 1,2 шақырым, ал «Қарасу» каналының 1,3 шақырымы абаттандырылмақ. Жобада каналдардың жағалауын саябақ ретінде көгалдандыру, воркаут, спорт алаңшалары және зейнеткерлерге арналған демалыс аумағы қарастырылған.
– Достастық жәрмеңкесі аясында «Гидрокешен» саябағын абаттандыру және «Төрткүл» керуен сарайын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Ағымдағы жылы «Сеңкібай» каналын механикалық тазалау жұмыстарына 44,1 млн теңге қаржы бөлініп жұмыстар жүргізіліп, толығымен аяқталды.
Қалада тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған 372 алаңша бар, олар 1587 дана жәшіктермен қамтылған. 2025 жылы қалдықтарды тастауға арналған 138 алаңшаға жаңарту жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек аялдамалар, саябақтар мен қала көшелеріндегі қоқыс жәшіктерін жаңалауға 1000 дана жәшік алынып, түгелдей ауыстырылды, – деді Б.Орынбеков.