Қолға алынған жобалар жемісті жалғасуы тиіс – Нұржан Нұржігітов

168

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте «Мейірім» және «Жомарт түлек» жобаларының іске асу барысы қаралды.

Білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбектің айтуынша, 2021 жылы облыста «Жомарт түлек» жобасы аясында 8,8 млрд. теңгеге 393 жоба іске асқан. Олардың ішінде мектептерді жабдықтау, ауылдарды аббатандыру, қайырымдылық шаралар, спорт, ойын алаңдарын салу, күрделі жөндеу жұмыстары секілді көптеген жұмыстар атқарылған.

Ал, 2022 жылы аудандар мен Тараз қаласында жоба шеңберінде барлығы 321 жоба орындалған. Олардың қатарындағы ірі жобалар ретінде үйлердің, мешіттер, асхана, наубайхана, ойын және спорт алаңдарының құрылыстарын атап өтуге болады.

Басқарма басшысы жобалардан бөлек демеушілік есептен атқарылып жатқан жұмыстарға да қысқаша тоқталды.

Сондай-ақ, баяндамашы «Мейірім» жобасының жүзеге асу барысын да тілге тиек етті.

— Облыстағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 4 мекемедегі 137 балаға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында облыстағы 96 мекеме мен жауапты тұлғалар бекітілген.

Тізім бойынша «Отбасы банкінде» 137 баланың барлығына арнайы есеп шоттар ашылған. Барлық балалардың шоттарына бекітілген мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындар тарапынан бүгінгі күнге дейін 52 млн. 300 теңге қаражат аударылған. Жиналған қаражатты бала кәмелет жасына толғаннан кейін ғана алып, өмірлік қажеттілігіне жұмсай алады,-деді Мейірхан Өмірбек.

Аймақ басшысы жобаларды жемісті жалғастырудың маңыздылығын алға тартып, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін тиянақты жүйе, тиісті жоспардың болу керектігін ескертті. Осы орайда Тараз қаласы мен аудан әкімдері орынбасарларының білім басқармасымен тығыз байланыста жұмыс жүргізу қажеттігін баса айтты.

Облыс әкімі «Жомарт түлек» жобасы аясында мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық беруді тапсырса, «Мейірім» жобасы бойынша оң динамиканың жоқтығын сынға алды. Басқарманың жан-жақты жұмыстарын жандандыруды талап етті.

Сондай-ақ, басқосуда мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығынан ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қосымша білім берумен қамту, орталықтан қосымша ғимарат салу, отбасын қолдау орталықтарын ашу мәселелері де талқыланды.

Нұржан Нұржігітов бұл тұрғыда барлық тараптардың ой-пікірін тыңдап, өзінің орынбасары Еркін Үйсінбаевқа жауапты тұлғалармен бірлесе отырып, нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

 

Жамбыл облысының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.