Қоқыстарды шығаруда тұрғындардың да жауапкершілігін арттыру маңызды – Н. Нұржігітов

106

Жамбыл облысында ағымдағы жылғы көктемгі екі айлық абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары бойынша бүгінге дейін 30 000 ағаш көшеті отырғызылды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, осы жылдың наурыз айынан бастап барлық аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктері жергілікті жерлерде көктемгі екі айлық абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, әкімдік қаулыларымен бекітілген.

Соған сәйкес, 30 000 дана тал ағаштар отырғызылып, жоспар 120,7 пайызға орындалған. Сондай-ақ, 588 916 шаршы метр саябақтар мен скверлер, 1 177,8 шақырым арықтар мен каналдар, 4410,8 тонна күл-қоқыстар шығарылған.

Облыстың елді мекендерінің санитарлық тазалық жағдайын арттыру мақсатында Тараз қаласы мен аудандарда бүгінгі күнге дейін 9 рет сенбілік ұйымдастырылған.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің «Бірге – Таза Қазақстан» және басқарманың бастамасымен «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» атты экологиялық акциялар ұйымдастырылды.

Экологиялық акцияға облыс бойынша 21 586 адам қатысып, 482 тонна күл-қоқыс шығарылып, 13 095 түп ағаш отырғызылды.

Басқарма басшысы, 11-13 сәуір аралығында елді мекендердің тазалығына жүргізілген зерделеу барысында 84 күл-қоқыс орындары анықталып, оның 53-і жойылғанын жеткізді.

Облыс әкімі жоспарлы жұмыстарды орындай алмаған және стихиялық күл-қоқыс орындары тазаланбаған аудандарды сынға алды. Ескертулермен шектелмей, айыппұлдар салып, оны өндіру ісіне барынша көңіл бөлу керектігін ескертті.

— Тек мәселені анықтап қана қоймай, оның шешу жолдарын ұсынып, сол бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетіңіздер.

Жергілікті билік өзіне тиесілі міндеттерді орындайды. Дегенмен, тұрғындар да өз жауапкершілігін түсінуі керек. Елді мекендерден күл-қоқыс шығаруға бюджеттен қомақты қаржы бөлу әлі күнге жалғасып отыр. Бұл дұрыс емес. Арнайы бекітілген тариф бар, соған сәйкес тұрғындар төлем жасауы тиіс. Соның есебінен қоқыстарды жеке кәсіпкер шығаруы қажет. Сонда жергілікті халықтың да жауапкершілігі арта түседі. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру әрі үйлестіру ауыл әкімдерінің міндеті,-деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.

Жамбыл облысының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.