«Көк туды желбірететініңе сен»: Әлімханұлы жастарға үндеу жасады

112

Спортшы Жәнібек Әлімханұлы Instagram-да өзінен кеңес сұрайтын жастарға арналған жазба жариялады деп хабарлады turkystan.kz.

«Спортшы інілер! Біріңе жасы үлкен ағамын, енді біріңе еліктейтін спортшымын. Маған көптеген хаттар келеді. Аға сіз сияқты болғымыз келеді, мен де болашақта сіз сияқты тарих жасаймын деген інілер өте көп. Көп болғандарыңызға рахмет. Аға боп, әлем чемпионы болып інілерге дұрыс үлгі көрсете алмасақ, керек кеңес айта алмасақ, бізге сын» деп жазды ол.

Әлімханұлы іні буынға маңызды 8 ой туралы айтып, спорт деп кәдімгі өмірді ұмытып кетпеуге шақырды.

«1. Ешқашан атақ қумаңдар. Жылт етіп көрініп қалайын, спортшымын ғой ортада еленейін, мені байқасын деген ойдан аулақ болыңдар. Сұрап алған, жалынып жинаған танымалдық жақсылық емес.

2. Орталарыңды дұрыстаңдар. Айналаңда саған сенетін, арманыңды қанаттандыратын адамдар болсын. Спортшы да көп адам сияқты шаршайды. Темір емессіңдер. Қайғырасың, уайымдайсың. Спортқа қолыңды бір сілтегің келетін кездер болады. Сол сәтте жігерлендіретін достарыңды қазірден бастап тауып қойыңдар. Ортаң, ол – командаң. Командаң мықты болса, алынбас қамал болмайды.

3. Тәртіп. Режим. Дұрыс тамақтануды қолға алыңдар. Көп нәрсе дұрыс тамақтанудан болады. Дұрыс тамақ, ол – дұрыс жаттығу. Ал дұрыс жаттығу, ол – жеңістің жартысы.

4. Кітап оқыңдар. Спортшы дұрыс сөйлей де алу керек. Дұрыс сөйлеу деген – дұрыс әңгіме айту деген сөз. Мүмкіндігінше тарихи кітаптарға көңіл бөліңдер! Тарихта талай тәжірибе бар. Төрде отырып алып прикол айтатын спортшы болудан сақтаныңдар. Есті сөз – дастарқан көркі.

5. Ізденуді тоқтатпаңдар. Ютубта қазір бәрі бар. Спорт ғылымиланып кеткен. Қиналып жаттығу жасауды қойып, дұрыс жаттығу жасауға көшіңдер. Түрлі жарақаттар дұрыс жаттықпағаннан болады.

6. От болыңдар. Әр жаттығуларыңнан әр сездеріңнен жігер мен намыс көрініп тұрсын. Әр қадамдарыңнан сол байқалсын. «От бол, от болмасаң жоқ бол» дейді қазақ.

7. Спорт деп ата-ананы, бала-шағаны, аяулы жарды ұмытып кетуге болмайды. Барлығына уақыт табу керек. Өмірің залда өтіп кетпесін. Көршіні, ағайынды естен шығармаңдар. Үлкендерден бата алып жүріңдер!

8. Сеніңдер. Ойыңды жүзеге асыра алатыныңа сен. Америкаға келіп, көк туды желбірете алатыныңа сен. Чемпион бола алатыныңа күмәнданба! Күмән деген – тұсау.

Сәттілік, інім! Шын ниетпен, Жәнібек ағаң! – деді спортшы.

https://turkystan.kz/article/216363-kok-tudy-zhelbiretetinine-sen-elimhanuly-zhastarga-undeu-zhasady/

Leave A Reply

Your email address will not be published.