ҚОҒАМДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ТӘРТІП-ОРТАҚ МІНДЕТ

37
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков пен қала прокуроры Нұржан Боранбаевтың қатысуымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.
Жиында әуелі Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил «Тараз-қауіпсіз қала» жоба аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
– Жарқын жоба өзінің оң нәтижесі мен тиімділігін көрсетті. Айталық, онда көзделген 66 тармақтың жергілікті атқарушы органға қатысты 37-сі бойынша іс-шаралар атқарылды. Соның нәтижесінде қала аумағында тіркелген қылмыс саны 12,8, қоғамдық жерлерде жасалған қылмыстар 13,4, көшелерде жасалған қылмыстар 10,3, нашақорлыққа қатысты қылмыстар 16, ұрлық жасау 27 пайызға төмендеген. Сондай-ақ жоба аясында жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, есепте тұрған тұлғалармен профилактикалық жұмыс жүргізу нәтижесінде жыл басынан бері кәмелетке толмағандармен жасалған құқықбұзушылықтар азайды, – деген Қайрат Әбілханұлы алдағы уақытта белгіленген көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету бағытында қолға алынған жұмыстар одан әрі жанданатынын жеткізді.
Бұдан кейін Тараз қаласы полиция басқарма бастығының бірінші орынбасары Данияр Әзімов те жоғарыда аталған жоба аясында жүзеге асқан ілкімді істерге кеңінен тоқталды. Оның айтуы бойынша, 2024 жылдың 8 айының қорытындысымен қоғамдық орындарда, көшелерде, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар едәуір азайғанымен, бірқатар позицияларда құқықбұзушылық біршама артқан. Қазіргі таңда оларды төмендету үшін бірқатар профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.
Келесі кезекте Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дәулет Дүйсенбай сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды тілге тиек етті. Нақтырақ тоқталсақ, аталған бөлім тарапынан жоспарға сәйкес қалалық жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып, жыл басынан бері 28 іс-шара ұйымдастырылып, оларға 1800-ге жуық адам қамтылған.
Сонымен қатар жиын барысында Тараз қаласы әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс және құқықтық қамтамасыз ету бөлімшесінің басшысы Гүлшат Айтбаева жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бойынша қолға алынған жұмыстарды баян етіп, бірқатар кемшілікке назар аударды. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, әкімдікке қарасты бөлім басшылары тарапынан тиісті бақылау жоқтығынан орындаушылық тәртіп төмендеген. Мәселен, өткен жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша барлық бөлім басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы жұмыстардың тиімсіздігі ескертіліп, оны жетілдіру тапсырылған. Алайда, бүгінгі күнге дейін бөлімдердің жұмысында оң өзгерістер байқалмайды.
Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы қоғам қауіпсіздігі әрқашан жіті бақылауда екенін баса айтты.
– Қоғам қауіпсіздігі қашанда біздің басты назарымызда. Бұл бағытта атқарылған жұмыс ауқымды. Дегенмен, әлі де кемшіліктер бар екені жасырын емес. Олар бойынша кешенді жоспар әзірленіп, тиісті шаралар қабылданады. Әсіресе, қала ішіндегі жол-көлік оқиғаларының жиілеуі алаңдатуда. Бұған жол-патрульдік полиция қызметкерлері тарапынан тұрақты бақылаудың жоқтығы өз әсерін тигізіп отыр. Қазіргі уақытта скутерлер мен мопед жүргізушілерінің жол ережесін өрескел бұзуы қоғамдық резонансты тудыратынын жиі байқаймыз. Сондықтан бұл – кезек күттірмей шешілуге тиіс өзекті мәселелердің бірі. Жалпы, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтасыз ету тек жергілікті биліктің ғана емес, баршамыздың ортақ ісіміз. Сондықтан бұған барлығымыз біркісідей атсалысуымыз қажет. Сонда ғана оң нәтижеге қол жеткіземіз, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Өз кезегінде қала прокуроры Нұржан Қанайұлы да қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жергілікті әкімдікпен бірлесе жұмыс жүргізуге дайын екенін жеткізді.
Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.