ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

116
Қоғам қайраткері Амангелді Кәрентаевтың есімі жамбылдықтарға жақсы таныс. Ол әр жылдары Қазақстан Компартиясы Жамбыл облыстық комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, «Жамбылагроөнеркәсіпкөлік» облыстық басқармасының бастығы, Қазақстан Компартиясы Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Шу аудандық халық депутаттары кеңесінің төрағасы, Шу және Байзақ аудандарының әкімі сынды жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, облысымыздың ғана емес, ел экономикасының өркендеуіне де зор септігін тигізді. 10 жылдан астам уақыт өңірдің ауыл шаруашылығы саласының алшаң басуына да үлес қосқаны жұртшылықтың жадында.
Абырой биігіндегі азамат биыл 80 жасқа толды. Осыған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қоғам қайраткерін мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін арнады.
– Осынау өмір жолыңызда терең біліміңіз бен іскерлігіңізді осы мемлекеттің дамуына арнадыңыз. Сіздің қалтқысыз қызметіңіз бен саналы ғұмырыңыз кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екені даусыз. Ел игілігі жолындағы ерен еңбегіңіз сізді көпшіліктің құрметі мен ықыласына бөлеп, мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Бұған түрлі дәрежедегі марапаттарыңыз айқын дәлел. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де өмірлік тәжірибеңізбен жастарды тәрбиелеуге үлес қосып келесіз. Бүгін де Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі болып, қоғамдық өмірге белсене атсалысудасыз, – деген шаһар басшысы мерейтой иесіне сый-сияпат табыстады.
Амангелді Кәрентайұлы да өз кезегінде қала басшылығына ризашылығын жеткізіп, алғысын білдірді.

 

Тараз қаласының әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.