Харрис пен Трамптың дебаты, Израильдің жердегі операциясы, Ресейдің өз аймақтарын қайтаруы: Әлемде не болып жатыр
Коллаж Stan.kz
Дональд Трамп пен Камала Харристің дебаты
11 қыркүйек күні вице-президент Камала Харрис пен бұрынғы президент Дональд Трамп арасында саулау алды дебат өтті. Дебатта экономика, иммиграция, түсік жасау, демократия және климаттың өзгеруі тақырыптары көтерілген.
Фото: Getty Images
“Бұл – әдепсіздік”: Камал Харристің дебат кезінде айтқандары
Дебат Харрис пен Трамптың қол алысуымен басталды. Кандидаттардың микрофондары кейде өшіріліп отырғандықтан, ешқандай үзіліс болған жоқ. Харрис дебат барысында кейбір сәттерді өз пайдасына қолдана алды.
Камала Харрис тіпті Байденнің өзі көтере алмаған маңызды мәселелер жайлы сөз қозғады. Ол Трамптың қылмыстық соттарын, 2025 жылға арналған жобаны, 2021 жылы 6 қаңтарда орын алған мәселені, Шарлоттсвиллдегі нәсілшілдік зорлық-зомбылықты, Конституция бөліктерінің күшін жою туралы ұсынысын және түсік жасату құқығын беру туралы ұсыныстарын қозғап, Трамптың диктаторларды мадақтайтынын, сарбаздарды жек көретінін мәлімдеді.
Фото: Reuters
«6 қаңтардағы оқиға естеріңізде болар. Бізге өткенге оралудың қажеті жоқ. Керіге қайтпайық. Ақ парақтан бастап, жаңа бет ашатын уақыт келді. Мемлекет үшін, демократия үшін күресіп, заңсыздық пен хаосты, демократияға жасалып жатқан шабуылды тоқтата аласыз”, – деді Харрис.
Харрис түсік жасату мәселесін баса айтты. Ол зорлыққа ұшырап, жүкті болған әйелдердің аборт жасауына рұқсат бермеу әдепсіздік деп атады.
“Көптеген штаттар зорлық жағдайларын да ескерместен, аборт жасауға шектеу қойды. Бұл онсыз да зорлық көрген әйелдерді өз тағдырын ары қарай шешу құқығынан айыру. Бұл – әдепсіздік. Бұл – Американың әйелдерін қорлау. Бір-екі жұмыста істеп, күндерін әрең көріп жүрген әйелдер ем алу үшін басқа штатқа баруға мәжбүр”, – деді Харрис.
Харрис дебат барысында Трампқа қатысты “масқара» сөзін бірнеше рет қолданған.
«Әлем көшбасшылары Дональд Трампқа күліп қарайды. Мен әскери басшылармен де сөйлестім. Сізбен жұмыс істегендер сізді «масқара» деп айтады», – деді Харрис бұрынғы президентке.
Ал Украина мен Ресей арасындағы қақтығысты тоқтатамын деген Трампқа Харрис өз жауабын берді.
«Біздің НАТО-дағы одақтастарымыз сіздің президент болмағаныңызға қуанады. Егер Дональд Трамп президент болса, Путин қазір Киевте отырып, Польшадан бастап Еуропаның қалған бөлігіне арналған жоспар құрар еді”, – дейді Харрис.
Трамп дебатта қандай мәселелерді қозғады?
Фото: Reuters
Ал Трамптың жарыссөздегі айтқандары Байден мен Харриске емес, өзін ақтауға бағытталанғанын байқауға болады. Бұрынғы президент өзінің осал тұстары туралы айту үшін тағы уақыт сұрады. Ол Харристің бірнеше жыл бұрынғы қару сатып алу бағдарламасы және фрекингке тыйым салу сияқты нақты либералды ұстанымдарына тоқталған жоқ.
Керісінше Трамп өзінің жеке саясатын тереңірек түсіндіруге тырысқан.
Үміткердің халықтың назарын аудартқан ең маңызды мәселелердің бірі – мигранттардың қылмысы және Байденнің президенттігі кезіндегі заңсыз иммиграцияның өсуі. Ол соңғы айларда заңсыз көші-қонның азайғанымен, бұл демократияға қауіп төндіретінін айтты.
Дебат барысында Трамп жарыссөзді тоқтату керегін, уақыттың босқа кетіп жатқанын айтты.
«Екеуміз де дәл қазір бұл пікірсайысты тоқтатуымыз керек деп ойлаймын. Оның орнына осы уақытта Харристің Вашингтонның Колумбия штатына барғаны дұрыс, өйткені уақыт жоғалтып жатырмыз”, – деді Трамп.
Трамп демократтар сәбилерді туғаннан кейін өлім жазасына кесуді қолдайтынын айтты.
«Жақында еліміздің тарихындағы ең жоғары инфляция болды”, «Қылмыстың деңгейі бізден басқа, бүкіл әлемде төмендеді”, «Демократтар заңсыз иммигранттарды өздеріне дауыс беруге мәжбүрлеуде”, «Заңсыз иммигранттар Колорадо штатында қалаларды, ғимараттарды басып алды”, – деген мәлімдемелер жасады.
Ол Огайо штатының Спрингфилд қаласында гаитилік иммигранттар үй жануарларын ұрлап, жеп жатыр деген ақпарат таратты.
Трамп дебаттың басынан бастап иммиграцияға қатты назар аудартуға тырысқан.
«Олар қылмыскерлердің, лаңкестердің, көше қылмыскерлерінің, есірткі сатушылардың елімізге кірулеріне рұқсат берді. Қате иммиграция – экономиканы құртатын басты фактор. Олар өздерінің дұрыс емес саясатымен елімізді құртты”, – деді Трамп.
Сондай-ақ Трамп дебат барысында Камала Харристі «марксист» деп атады.
«Егер Харрис сайланса, бәрі өзгереді. Бұл біздің еліміздің соңы болады. Ол марксист, оның марксист екенін бәрі біледі. Оның әкесі марксистік экономика профессоры, қызын жақсылап тәрбиелеген», – деді Трамп.
Сонымен қатар Трамп Украинадағы соғысқа қатысты да сөз қозғады.
Ол өзінің Путин мен Владимир Зеленскийді жақсы білетінін айтты
«Олар мені құрметтейді ал Байденді сыйламайды. Оның құрметтейтін жері бар ма?» – деді Трамп.
Дебатта кім жеңді?
Фото: EPA
Дебаттан кейін кейбір сарапшылар Камала Харрис Дональд Трампқа қарсы дебатта жеңіске жеткенін жарыса жазды.
“Харристің дайындығы жақсы болды. Жауаптары дайын, нақты қайда бара жатқанын біледі. Харрис Трампқа жақсы соққы жасады және үздік болғаны сөзсіз. Трамп үшін сәтсіз түн болды», – деді саясаттанушы Брит Хьюм.
Бұл пікірді саясаттанушы Гарольд Форд та қолдады.
“Бүгін Харрис жеңіске жетті», – деді ол.
Президенттік дебатты бақылаған сайлаушылар да Камала Харрис Дональд Трамптан асып түсті деген пікірде. Сауалнама көрсеткендей, вице-президент пікірсайыс бақылаушыларының күткенінен де жақсы нәтиже көрсеткен.
Дебатқа дейін сайлаушылар екі кандидат та тең түседі деген пікірде болған. Дебаттан соң Харрис жақтастарының 96% таңдаған кандидаттары оның жақсы нәтиже көрсеткенін алға тартты. Ал Трампты қолдайтындардың 69%-ы өз үміткерлерін үздік болды деп бағалаған.
Израильдің арнайы күштері Сириядағы зымыран өндіретін нысанға шабуыл жасады
Фото: Getty Images
Израиль арнайы күштерінің Сириядағы Хезболла зымырандарын шығаратын нысанына шабуылдаған.
Әлемдік БАҚ-тың хабарлауынша, арнайы операция осы аптаның басында болған. Алайда Израиль үкіметі бұл туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Сирияның мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Сирияның Ливан шекарасынан солтүстікке қарай 40 шақырым жеріндегі Масяф қаласына маңындағы шабуылдан 18 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған.
«Өткен жексенбіде Израиль әуе күштерінің Масяф аймағындағы бірқатар әскери нысандарға жасаған соққыларынан 18 адам қаза тапты», – деп хабарлады Сирия денсаулық сақтау министрі.
New York Times газетінің хабарлауынша, Израильдің арнайы жасақтары тікұшақтардан түсіп, Иран салған нысанның ішіне жарылғыш заттарды қойып, құпия ақпараттарды жойған. Америкалық және басқа да ресми дереккөздердің хабарлауынша, әскери нысанды жоюға бағытталған үлкен операция жүзеге асқан.
Сирия қорғанысын залалсыздандыру және нысанға қосымша күштердің жетуіне жол бермеу үшін әуе соққылары да жасалған.
Ақпаратқа сәйкес шабуылды Израиль әуе күштерінің «Шальдаг» бөлімшесі жасаған.
Axios-тың хабарлауынша, Израиль операция жоспарланбас бұрын АҚШ-ты хабардар еткен және Ақ үй тарапынан ешқандай қарсылық болмаған.
Еске салсақ, Израиль алты жыл бұрын да дәл осы нысанға шабуыл жасаған еді.
Шабуыл жасалған нысанның Хезболлаға қандай қатысы бар?
Фото: Ашық дереккөз
Аталмыш нысанда химиялық қару жасаумен айналысатын ирандық әскери сарапшылар тобы жұмыс істегені белгілі. Дерекөздердің мәліметінше, соңғы жылдары ол жерде химиялық қару емес, Хезболла үшін зымырандар жасалып келген.
Израиль шенеуніктерінің айтуынша, Хезболланың бұл нысанды Сирияда орналастыруының басты себебі – қауіпсіздік. Ұйым Ливанға қарағанда Сириядағы нысанға соққы беру ықтималдығы аз деп есептеген көрінеді. Сарапшылар Масяф пен көршілес Махрус қаласындағы нысандар Сирияның қару-жарақ жасауында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Дереккөздің мәліметінше, Иранның жоспары Ливан шекарасына жақын орналасқан осы қауіпсіз нысанда дәл басқарылатын зымырандарды шығару болған. Осылайша Ливандағы Хезболлаға жеткізу процесі тез әрі қауіпсіз түрде жүзеге асырылуы керек еді.
Өз кезегінде Израильдің барлау қызметтері құрылыс барысын анықтап, оны бес жылдан астам уақыт бойы бақылаған.
Ресей Курск облысында шайқас басталғанын мәлімдеді
Фото: AFP
Ресей қорғаныс министрлігі өткен айда украин әскерлері басып алған 10 ауылды өз әскерінің қайтарып алғанын хабарлады.
«Ресей біз жоспарлағандай қарсы шабуылы бастады”, – деді Украина президенті Владимир Зеленский.
Ресейдің мәлімдеуінше, солтүстік күштер Украина басып алған аумақтың батысында Снагоста аймағындағы елді мекендерді екі күн ішінде қайтарып алған.
Шешенстан арнайы жасақтарының қолбасшысы генерал-майор Апти Алаудинов 6 украин бригадасының үлкен шығынға ұшырағанын хабарлады.
Курск облысында соғысып жатқан украин офицері ВВС-ге берген сұхбатында Ресейдің қарсы шабуылы Суджаның батысында басталғанын айтты.
«Ұрыс өте қиынға соғуда. Жағдай қазіргі уақытта біздің пайдамызға шешіліп жатқан жоқ», – дейді аты-жөнін атамауды сұраған офицер.
Украинаның шабуылы Ресейдің Украинаның шығысына ілгерілеуін тоқтату мақсатымен басталған. Дегенмен, Ресей әскерлері Украинаның шығысындағы ауылдарды басып алуды жалғастырып, стратегиялық маңызы бар Покровск қаласына жақындап келеді.
АҚШ-тың Соғысты зерттеу институтының сарапшылары ресейлік қарсы шабуылдардың көлемі, ауқымы және ықтимал залалы түсініксіз екенін, сондықтан қандай да бір қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтты.
Украин әскерлері Курск облысына кіргеннен кейін бірнеше апта ішінде ресейліктерден сақтану үшін Сейм өзеніндегі үш көпірді және кейіннен салынған бірнеше понтон көпірін қиратты. Дегенмен, ресейліктер қарсы шабуыл барысында Сеймді де, басқа да кішігірім өзендерді де кесіп өте алған.
Ресейлік әскери сарапшы Анатолий Матвийчук «Московский комсомолец» газетіне берген сұхбатында 100 шаршы шақырым аумақтың қайтарылғанын, ал «жаудың резервтері мен материалдық-техникалық құралдары енді Курск облысына жете алмайтынын» айтқан.
Курск операцисының Украина үшін маңызы қандай болды?
Киев өткен айда Ресейдің Курск аймағына тосын шабуыл жасап, Мәскеуді таң қалдырды және шекарадан шамамен 30 шақырым алға жылжыды.
Курск операциясы украиндықтарға үлкен моральдық серпін берген болатын. Бұл Киевтің 2022 жылдың қарашасында Херсонды азат еткеннен кейінгі алғашқы үлкен стратегиялық жеңісі болды.
Курск шабуылын батыс шенеуніктері құптады. Сенбі күні ЦРУ директоры Билл Бернс бұл шабуылды «маңызды тактикалық жетістік» деп атады.
«Бұл тек украиндықтардың рухын көтеріп қана қойған жоқ. Бұл Путиннің Ресейі мен оның әскерінің кейбір осал тұстарын ашып көрсетті», — деді Бернс Лондонда сөйлеген сөзінде.
https://stan.kz/alemde-ne-bolip-zhatir-406220/