“Кезексіз өткізу үшін жетпіс мың теңге сұрайды”: Түркістан облысында жүргізушілер кедендегі кептелісті өз пайдаларына асырған қызметкерлерге шағымданды
Фото: Stan.kz
Ескіқорған елді-мекеніндегі кеден бекетіндегі кезек көрші ауылға дейін жеткен.
“Қытайдан тауар тасып, алып келе жатырмын. Велосипедтерді Түркменсатанға жетізуім керек. Бірақ дәл осы Қазақстан шекарасына келгенде кептеліп қаламыз. Кезек күтпеу үшін әлдебіреулер келіп 70 мың теңге сұрады. Беретін ақшам жоқ. Амал жоқ үш күннен бері көлікте қонуға тура келіп тұр. Ақшаны ашық сұрайды. Несін жасырамыз” дейді жүк көлігін тізгіндегендердің бірі.
Ашуға мінген жүргізушілер айналада жуынатын жер де, дәретхана да таба алмағандарын айтады. Ешқандай жағдай жасалмаған деп сынағандардың арасында шетелдіктер да аз емес. Солардың бірі Тахир Дусматов.
“Тұрғаныма екі-үш тәулік болды. Ақшаны ашықтан-ашық сұрайды. 50 мың теңге берсең өткіземіз дейді. Ол ақшаны қайдағы біреулерге бергенше бала-шағама апарғаным дұрыс қой?! Сол үшін біз сияқтылар тәуліктеп кезекте тұр. Ал, ақшасы көптер еш кедергісіз шекарадан өтіп жатыр. Оны айтып полицияға да, прокуратураға да хабарластым. Ешқайсысынан пайда жоқ”, – дейді Өзбекстан азаматы.
Сөздерінше, кезексіз бір тәулікте мыңнан аса көлік өткен. Кеден бекетінің түбіндегі ауыл тұрғындары аумақта жарық өшіп, кептеліс содан басталған дейді. Ал, департамент өкілдері болса, аймақтағы қос кеден бекеті уақытша жабылып, кезектің күптелуіне соны себеп дейді.
“Бауыржан Қонысбаев кеден бекетінде көлік құралын өткізу ұлғайды. Сонымен қатар көрші Өзбекстан Республикасының тауарларының өсуіне сонымен қатар тауарларының айналымына байланысты көлік құралдары көбейіп жатыр. Қазіргі таңда Бауыржан Қонысбаев кеден бекетінің қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс жасауда”, – дейді Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Кедендік әкімшілендіру басқармасы басшысы Серік Мәліков.
Жауаптылар мәселені жуық арада шешуге тырысамыз дейді. Айта кетейік, аталмыш кеден бекеті күніне 600 көлікті шекарадан өткізуге қауқарлы екен.
Фото: Stan.kz
https://stan.kz/kezeksiz-otkizu-ushin-zhetpis-min-tenge-syraydi-turkist-408237/