Кенен Әзірбаев атындағы «Туған жер» I аудандық әншілер байқауы өтті

23
Бүгін Кенен ауылында Қордай ауданы әкімдігінің қолдауымен, ауыл әкімдігі, ауылдық мәдениет үйі және Кенен ұрпақтарының ұйымдастыруымен қазақтың біртуар ақыны, әнші-композиторы Кенен Әзірбаев атындағы «Туған жер» I Қордай аудандық әншілер байқауы өтті.
Ұлы тұлғаның шығармашылығын дәріптеу, өнерлі жастардың шеберлігін шыңдау мақсатында ұйымдастырылған мәдени шараға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Кененұлы, «Kenen Ata» қорының директоры Мұхтар Әзірбаев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, К.Әзірбаев атындағы республикалық байқаудың жеңімпазы Шолпан Даражан және ҚР Мәдениет саласының үздігі, аталған республикалық байқаудың жеңімпазы Бейбіт Мұсаев қатысты.
Байқау басталар алдында жиналған жұрт Кенен бабаның рухына Құран бағыштап, тағзым етті. Одан кейін ауылдық мәдениет үйінде өткен салтанатты шараның шымылдығы ашылып, алғы сөзді аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай сөйледі. Өз сөзінде ол: «Қанында туған жерге деген сүйіспеншілік бар азамат қай салада жүрсе де үлкен жетістікке жетеді. Осындай байқаулар жастардың талантын танытып, рухани дүниесін байыта түсетіні сөзсіз», — деп атап өтті.
Ән додасына Қордай ауданының түкпір-түкпірінен келген 15 пен 35 жас аралығындағы кәсіби орындаушылар мен жас өнерпаздар қатысты.
Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдар және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.