«Келісіп пішкен тон келте болмайды»

142
Қала әкімі Бақытжан Орынбеков Т.Пірімқұлов көшесінің тұрғындарымен жүздесті. Аталған көшеде бүгінде орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ұзындығы 1,1 шақырымға жететін көшенің мердігері – «В grass» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «АКГЕМ-СТРОЙ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Кездесу барысында тұрғындар өздері тұратын көшеге асфальт төсемей тұрып, ескірген су құбырларын ауыстырып беруді сұрады.
— Мұндағы су құбырларының ауыспағанына талай уақыт болды. Әбден тозығы жеткендіктен, жыл сайын тесіліп жатады. Мамандардан сұрағанымызда су құбыры жекеменшік, яғни осындағы тұрғындардың меншігінде.
Қазір жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы көшеде тұратын тұрғындар кеңесе келе, өз қаражатымызға құбырларды ауыстырсақ дейміз. Дегенмен, әр үйдің жағдайы әр түрлі. Сондықтан біз өз қаржымызға керекті материалдарды сатып аламыз. Ал, ауыстыру жұмыстарына кеткен шығынды ай сайын белгілі бір мерзімге бөліп төлеуге мүмкіндік берсеңіздер, – деді жиылған тұрғындар.
Өз кезегінде қала әкімі айтылған ұсынысты зерделеп, барлығы заң аясында шешілу керектігін ескертті. Сондай-ақ мұндай қадамға бару үшін осы көшеде тұратын тұрғындардың толықтай келісімі қажеттігін айтты. Дегенмен, жиылған көпшілік уақытты создырмай, тиісті мекемеге тапсырма беруді сұрады.
Тұрғындардың өтініш-тілегіне құлақ түрген шаһар басшысы «Жамбыл-су» мекемесіне кететін шығынды нақты есептеп, осындағы халықпен тағы да жиын өткізуді тапсырды.
Енді бірер күнде кететін шығын қаражаты есептеліп, Т.Пірімқұлов көшесінің тұрғындарына ұсынылады. Егер де, көше тұрғындары толықтай келісімге келетін болса, жол жөндеу жұмыстары тоқтатылып, су құбырын ауыстыру жұмыстары басталады.

Тараз қаласының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.