ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫ МАҚСАТТЫ ЖҰМСАЛУЫ ТИІС

65
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті.
Ең әуелі қала әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Абылайхан Умирбаев 2025 жылға арналған шаһар бюджетінің қаржыландыру жоспары туралы баяндады.
– «2024-2026 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» қалалық мәслихаттың 2024 жылғы 26 желтоқсандағы №25-3 шешімін іске асыру мақсатында қала әкімдігінің №3425 қаулысы қабылданған болатын. Осыған байланысты қала бюджеттің жылдық жоспары 81 405,3 млн. теңге болып бекітілді. Сондай-ақ бүгінде қаржы бөлімі тарапынан Тараз қалалық бюджетінен қаржыландырылатын 15 бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің (ББӘ) өтінімдері қабылданып, «1С» бағдарламасы жүйесіне енгізу, әзірлеу жұмыстары жүргізіліп, жоспар ағымдағы жылдың 15 қаңтарында қазынашылық жүйесіне енгізілді, – деді Абылайхан Сәкенұлы.
Бұдан кейін қала әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев биылға арналған мемлекеттік сатып алудың жоспарына тоқталды. Оның айтуы бойынша, осы жылдың 10- қаңтарына дейін барлық бөлімдер мен мекемелер сатып алудың жылдық жоспарын бекітіп, оның тармақтарын сатып алудың веб-порталына орналастырған. Сондай-ақ әр тапсырыс берушімен құрылған жылдық жоспар тармақтарының тізбесі қала әкімдігінің мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысына ұсынылған.
Шаһар басшысы өз кезегінде қазына қаржысы мақсатты жұмсалуға тиіс екенін баса айтты.
– Бюджет қаражатының әрбір тиынының сұрауы бар. Сондықтан қазына қаржысы мақсатты әрі тиімді жұмсалуы тиіс. Бұл тұрғыда бар жауапкершілік тікелей бөлім басшыларына жүктеледі. Әсіресе, мемлекеттік сатып алу кезінде бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол беруге болмайды. Сондықтан бұған салғырт емес, сақтықпен қарағандарыңыз жөн, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұдан бөлек басқосу барысында мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік нысандарға қолжетімділігін қамтамасыз ету, облыс орталығына Байзақ және Жамбыл аудандарынан қосылған елді мекендердегі көше атауларына сараптама жүргізу қорытындысы, көрнекі ақпарат құралдары, өнеркәсіп және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы, ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштердің орындалуы секілді мәселелер қаралды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.