Бүгін, 14 наурыз күні халықты ынтымаққа, ұйымшылдыққа, береке-бірлікке бастайтын Көрісу күні басталды. Осы күнге орай Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекеменің қызметкерлері ұлтты ұйыстырған ұлық мерекені атап өтті.
Амал мерекесі наурыздың алғашқы жаршысы іспеттес. Амалдың негізгі шарты – үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, әлсізді демеу, жарлыны жарылқау. Бұл күні жасы кішілер үлкендерге арнайы сәлем беріп, қол алысып, төс қағыстырады. Аттан жығылса да, салттан жығылмаған қазақтың ұрпағы ретінде ҚАЖ қызметкерлері де құшақ жайып, бір-біріне ізгі тілектерін арнады.
– Бұл күннің танымдық, тағылымдық мәні зор. Ұрпақтан ұрпаққа келе жатқан мәдениетіміз ұмытылмауға тиіс. Осындай шаралар арқылы әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді, қазақи болмысымызды болашақ ұрпаққа жеткіземіз, – дейді мекеме бастығы, әділет подполковнигі Бекзат Ортаев.