ҚАЖ департаменті еріктілерді марапаттады

424

Бүгін Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті жақсылыққа жаны құмар жамбылдық еріктілерді марапаттады. Жомарт жүрек иелерін департамент бастығының міндетін атқарушы әділет полковнигі Теңізжан Жәнібеков, департамент бастығының орынбасары әділет полковнигі Бекболат Ескеев және пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы әділет майоры Әділет Ерманов құттықтап, олардың белсенді бағалауға лайықты екенін жеткізді.

Теңізжан Нұрмаханұлы ҚАЖ қызметкерлерінің жұмысына риясыз көмек көрсете отырып, қылмыстық-атқару жүйесінің оң беделін қалыптастыруға бағытталған түрлі іс-шараларға атсалысқан волонтерлердің қайырлы істеріне ерекше тоқталып өтті.

— Өтіп бара жатқан жыл еліміздегі ғана емес, бүкіл әлемдегі еріктілер үшін де маңызды жыл болды. Пандемия кезінде барша еріктілер, оның ішінде жамбылдықтар да өздерін жақсы жағынан көрсете алды. Олардың көмегін коронавируспен ауырған мыңдаған адамдар ғана емес, сонымен қатар, аз қамтылған және мұқтаж отбасылар да сезіне білді. Сіздер, еріктілердің ең қиын сәттерде нағыз ерлік көрсете алатындығын тағы бір дәлелдедіңіздер. Пробация қызметкерлерімен бірлесіп, есепте тұрған азаматтарға қол ұшын создыңыздар. Алғысымызды білдіреміз, — деген Т.Жәнібеков ең белсенді еріктілерге алғыс хат табыстады.

Марапатқа ие болғанның бірі – Мөлдір Қыдырбаева. «Жас Отан» жастар қанаты еріктілер тобында қызмет етеді. Топ құрамына 16 жасынан бастап еніпті. Ол ортақ іске үлес қоса алғанына өте қуанышты екенін айтады.

— Мен бұл марапатты облыстың барлық еріктілеріне көрсетілген құрмет деп санаймын. ҚАЖ департаменті біздің жұмысымызды бағалағаны қуантады. Біз қоғамға нақты пайда әкелетін осы бағыттағы жұмысымызды жалғастыра береміз, — деді Мөлдір Сәрсенқызы.

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.