Қазақстандықтардың банк алдындағы қарызы қанша?

101

Өткен жылы банк секторының активтері 18,4%, ал клиент салымдары 21,5% ұлғайды. Толығырақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов айтып берді деп хабарлады  turkystan.kz.

«Өткен жылы банк секторы күрделі макроэкономикалық жағдайда дамыды. Осыған орай, агенттіктің алдында банк секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету, салымшылардың мүдделерін қорғау және банктерді қайталама санкция тәуекелін барынша азайту міндеті тұрды. Еліміздегі Ресейдің еншілес банктерінің жұмысы тұрақтандырылды. Десек те сын-қатерге қарамастан, банк секторы табысты жұмыс істеп, жаңа жағдайға бейімделе білді. Өткен жылы банк секторының активтері – 18,4%, ал клиент салымдары – 21,5% ұлғайды», – деді Олжас Қизатов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің дерегінше, банктердің кредит портфелі бір жылда 20%-ға өсті.

«Несие портфеліндегі проблемалық қарыздардың үлесі – 3,4%. Банктердің реттеуші меншікті капиталы 11,8% артты. Жалпы жүйе бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті – 18,5%. S&P мамандары өңірдегі макроэкономикалық және геосаяси тәуекелдердің шиеленісуіне қарамастан, еліміздің банк секторы өткен жылы тұрақты болғанын айтып отыр», – дейді ол.

Сондай-ақ, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басшысының орынбасары отандық банк секторының салалық тәуекелдері (Banking Industry Country Risk Assessment, BICRA) «9»-дан «8»-ге кемігенін айтты.

Одан бөлек, қызметін негізінен Қазақстанда жүзеге асыратын банктер рейтингінің базалық деңгейі «b+»-тен «bb-»-ке дейін көтерілген.

https://turkystan.kz/article/218266-kazakstandyktardyn-bank-aldyndagy-karyzy-kansha/

Leave A Reply

Your email address will not be published.