Қазақстандағы апта ішіндегі кадрлық тағайындаулар

843

Кадрлық ауыс-түйістердің көбі қазір Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде болды. Түркістан облысы жаңадан құрылып жатқандықтан, ол жақтағы күн тәртібінде кадрлық мәселе алға шыққан. Апта басында Түркістан облысының Төле би ауданына жаңа әкім тағайындалды. ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың келісімі бойынша облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бұл қызметке Бауыржан Омарбековты тағайындады. Жаңа әкімді аудан активіне арнайы таныстырған аймақ басшысы алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, Мемлекет басшысы бекіткен бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру қажеттігін айтты. Сонымен бірге, ауданның дамуына өз үлесін қосқан бұрынғы әкім Бұхарбай Пармановқа алғысын білдіріп, алдағы қызметінде табыс тіледі.

Сонымен бірге, осы аптада Арқалық қаласының әкімі Амантай Балғарин қызметінен босатылып, Қостанай облысының Сарыкөл ауданына әкім болып тағайындалды. Облыс басшысы Архимед Мұхамбетов Сарыкөл ауданының жаңа әкіміне бірнеше тапсырма жүктеді. Әсіресе, өңірде шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау қажет.Сондай-ақ, Архимед Мұхамбетов ауданның білім сапасын көтеру және жас мамандарды шақыру мәселесін қолға алуды тапсырды.

Арада көп уақыт өтпей Қостанай облысы әкімінің өкімімен Арқалық қаласына жаңа әкім тағайындалды. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Сергей Карплюк жергілікті мәслиxатпен келісе отырып, қала активіне жаңа әкім Елдар Күзембаевты таныстырды. Ол бұған дейін Қостанай облысы Сарыкөл ауданының әкімі болып келді.

Елдар Қонысбайұлы 1982 жылы туған, екі жоғары білімі бар. 2002 жылы заңгер мамандығы бойынша А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін және 2005 жылы қаржыгер мамандығына сәйкес М.Дулатов  атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін бітірген. Әр жылдарда Қостанай облысының Заң департаментінде басқарма басшысы, Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталған.

Кадрлық ауыс-түйістер еліміздің батысында да тіркелді. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Жылыой аудандық мәслихат депутаттарына Алимұхаммед Құттымұратұлының басқа жұмысқа ауысуына байланысты жаңа аудан әкімінің кандидатурасын ұсынды. Жылыой ауданының әкімі болып, бұрын Атырау облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарған Азамат Бекет тағайындалды.

Өткен аптада сондай-ақ Мемлекет басшысының Өкімімен Ерғали Серікбайұлы Мерзадинов Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ақордадан хабарланды.

Аптаның айтулы тағайындауларының бірі сөзсіз жаңадан жасақталып жатқан Қоғамдық даму министрлігінде болды. Мемлекет басшысының Жарлығымен аталған министрлікті Дархан Кәлетаев басқаратын болды.

Дархан Калетаев 1972 жылғы 10 қазанда туған, қазақ, білімі жоғары. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Ұлттық Жоғары Мемлекеттік басқару мектебін бітірген. Мамандығы бойынша тарихшы-оқытушы, мемлекеттік басқарудың менеджері. Саясаттану ғылымдарының докторы. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен және мерекелік медальдармен марапатталған.

Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның басқарушы директоры болып қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болған. 2018 жылғы 4 сәуірдегі Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі қызметіне келген.

3 шілде күні Қазақстан Республикасы Қаржы министрі Бахыт Сұлтановтың бұйрығымен Азамат Ахметов Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне басшысы болып тағайындалды. 44 жастағы Азамат Ахметов бұрын ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетін басқарған.

Осы аптада сонымен бірге, ҚР Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың 2018 жылғы 4 шілдедегі бұйрығымен Бас прокуратурада кадрлық тағайындаулар жасалды. Жұмыс тәжірибесі, басшылық қызметтегі еңбек өтілі ескеріліп, Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығы лауазымына 1976 жылғы Талғат Татубаев тағайындалды. Сонымен бірге, құзырлы органда Бас прокуратураның Заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметінің бастығы лауазымына аға әділет кеңесшісі 1975 жылғы Бауыржан Мырзакеров тағайындалды. Ал Маңғыстау облысы прокурорының міндетін уақытша атқару Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің бұрынғы бастығы 1970 жылғы Ерлан Абаевқа жүктелді.

Сондай-ақ, ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров ұжымға ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ерғали Мерзадиновты, сондай-ақ Бас әскери прокурор Дастан Шаймерденұлы Сартаевты таныстырды.

Ал Қостанай облысының бірнеше ауданына жаңа басшылар келді. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қарабалық ауданына жасаған жұмыс сапары барысында жергілікті мәслиxатпен келісе отырып, жаңа әкімді тағайындады. Аудан басшылығына  Нұржан Қайыржанұлы Өтегенов келді. Ол бұған дейін Амангелді ауданының әкімі лауазымын атқарған болатын. Амангелді ауданының әкімі болып Әмірxан Асанов тағайындалды. Аудандық мәслиxат депутаттарының келісімі бойынша, жергілікті активке жаңа басшыны облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев таныстырды. Әмірxан Біркенұлы 1969 жылы Қостанай облысы Науырзым ауданының Науырзым ауылында дүниеге келген. Ол бұған дейін Қостанай облысы Тексеру комиссиясының төрағасы қызметін атқарды. Облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк науырзымдықтарға өңірдің жаңа басшысын таныстырды. Науырзым ауданының әкімі болып Талғат Кәрбозов тағайындалды. Талғат Тойшыбекұлы 1970 жылы Қостанай облысы Амангелді ауданының Қабырға ауылында дүниеге келген. Ол бұған дейін Амангелді ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.

4 шілде күні ҚР Үкіметінің қаулысымен Мемлекет басшысының келісімімен Бауыржан Сартбаев Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкілі лауазымына тағайындалды. Б. Сартбаев 1966 жылы Қарағандыда дүниеге келген. 1990 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін, 1997 жылы — КИМЭП-ті құқықтану және мемлекеттік басқару мамандықтары бойынша тәмамдады. 2000-2002 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің «Оңалту қоры» РМК заң бөлімінің басшысы, 2000-2002 жылдары Білім министрлігінің «Қаржы орталығы» ММ директорының орынбасары, 2003-2006 жылдары «Қазастықтранс» еншілес компаниясының басқарма төрағасы болған. 2006-2007 жылдары Ұлыбританияның Халықаралық астық кеңесінде Қазақстанның мүддесін қорғап, БҰҰ тендерлеріне қатысқан.

2015 жылдан қазіргі уақытқа дейін ҚР ПІБ «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» РМК директоры болып қызмет атқарған.

Осы аптада Ләззат Танысбай «НҰР-Медиа» холдингіне басшылыққа келді. Ләззат Танысбай 1973 жылы туған. 1993 жылдан бастап телеарналарда жұмыс істеген. ҚР байланыс және ақпарат вице министрі болып тағайындалғанға дейін «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Оның «Хабар» агенттігінде, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінде, ҚР Президенті Әкімшілігінде жұмыс тәжірибесі бар.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев ұжымға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басшысының жаңа орынбасарларын және Астана қаласы мен Ақтөбе облысы бойынша ұлттық бюроның департамент басшыларын таныстырды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басшысының орынбасары лауазымына Шаттық Тынымбайұлы Өтеев тағайындалды. Сонымен бірге, Дулат Әзбергенов Астана қаласы бойынша  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы болып тағайындалды. Дулат Байдалинұлы құқық қорғау органдарына 28 еңбек өтілі бар. Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басшысының орынбасары қызметін атқарған. Ал Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы болып Мирлан Мұхамбетов тағайындалды.

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Берік Бисенқұлов жеке құрамға Жамбыл облысының ІІД-нің жаңа бастығын таныстырды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен облыстық ІІД бастығының лауазымына полиция полковнигі Арман Оразалиев тағайындалды. А. Оразалиев ІІМ Алматы жоғары мектебін тәмамдады. Бұрын ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары болып қызмет атқарған.

Шымкент пен Түркістан облысының ішкі істер органдарында да бірқатар тағайындаулар болды. Шымкент қаласы ІІД бастығының лауазымына бұрын ҚР ІІМ Департамент бастығы лауазымын атқарған полиция полковнигі Ералы Жұмаханбетов, ал Түркістан облысының ІІД бастығының лауазымына полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков тағайындалды.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.