Қазақстанда орташа жалақы өсті деп хабарлады turkystan.kz Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
ҚР бойынша атаулы жалақының орташа мәні 2022 жылғы IV тоқсанда 338 715 теңгені құрады. 2021 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда өсім 22,9%-ды, нақты мәнде 2,8%-ды құрады. Жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 2022 жылғы ІV тоқсанда бағалау бойынша 204 168 теңгені құрады.
«IV тоқсандағы орташа жалақының өсуі жыл соңында берілетін сыйақылар мен мерекелік төлемдер есебінен жалақы қорының ұлғаюымен байланысты. Орташа жалақыны есептеу кезінде жалақы қоры жұмысшылар санына бөлінеді. Деректерді біз қызметкерлер саны және жалақы қоры бойынша бюроға есеп берген кәсіпорындар мен ұйымдардан келген мәліметтер негізінде аламыз. Деректер кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алмай ұсынылғанын атап өту қажет», – деп түсіндірді Бюроның еңбек және өмір сүру деңгейі статистикасы департаментінің директоры Наталья Белоносова.
2021 жылғы тиісті тоқсанмен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғары өсімі құрылыс – 42%, тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету – 32,6%, ақпарат және байланыс – 31,9% салаларында байқалды.
2021 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық атаулы жалақының төмендеуі көрсетілетін қызметтердің өзге де түрлерін ұсыну саласында байқалды – 2,4%.
Өңірлік бөліністе ең жоғары өсім Ұлытау облысында тіркелді – 35,2%. Ең төменгі өсім Алматы облысында – 6,5%.
https://turkystan.kz/article/212919-kazakstanda-ortasha-zhalaky-osti/