Қазақстан киберполициясы былтыр шетелде 7 call-орталықты жойды

61
Қазақстан киберполициясы былтыр шетелде 7 call-орталықты жойды
Polisia.kz
Қазақстан киберполициясы былтыр шетелде 7 call-орталықты жойды: 5 қаңтар 2026, жаңалықтар Turkystan.kz

Киберқылмысқа қарсы күрес – Ішкі істер министрлігінің басым бағыттарының бірі. Азаматтарды цифрлық кеңістікте қорғау бойынша полиция бірқатар жұмыс атқарып келеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

— Біздің департамент мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы қылмыстың алдын алу бойынша біраз жұмыс атқаруда. Бұрынғы «дәстүрлі» қылмыстар интернет дамыған заманда онлайн-кеңістікке ауысып, олардың жаңа түрлері шығып жатыр. Бұрынғы ұрлықтардың бәрі онлайнға көшіп, қылмыскерлер жаңа айла пайдаланып, азаматтардың ақшаларын ұрлау үшін интернеттің дамыған техникаларын қолдануда. Мұндай қылмыспен күресуді үш бағытта жүргізу қажет. Ол заңнамалық шаралар, екінші — техникалық шаралар, үшінші — профилактикалық шаралар. Осы шараларды бірлесіп атқарған кезде ғана киберқылмысты тоқтатуға болады, — деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

2025 жылы байланыс операторларымен бірлесіп, 19 миллионнан астам жалған қоңырау бұғатталды. Жалпы жүйе іске қосылған сәттен бастап мұндай 85 миллионнан астам қоңырауға тосқауыл қойылған. Қылмыстық топ құру және басқару фактілері бойынша 6 қылмыстық іс қозғалды, оның бірі трансұлттық сипатта.

— Қазір қабылданған техникалық шаралардың нәтижесінде 100 мыңнан астам sim-карта тәркіленді. Қылмыскерлерден 88 sim-box алынды. Азаматтардың құқықтық, компьютерлік және қаржылық сауаттылығын көтеру басты назарда. Халыққа қылмыстардың жаңа түрлері және олардан қорғану әдістері туралы айтып жатырмыз, — деді спикер.

Өткен жылы тәртіп сақшылары шетелде 7 call-орталыққа тосқауыл қойды. Одан бөлек Қазақстан аумағында 6 call-орталық жойылды.

Алаяқтықтың түрі жетерлік. Олардың арбауына түсіп қалмау үшін полиция қарапайым ережелерді ұстануды ұсынады.

— Кибергигиена ұстанған адам мұндай қылмысқа ұрынбайды. Жалған сілтемелерден өтпеу керек. Банк карталарын үшінші тұлғаларға бермеу керек. Жеке деректерді ешкімге айтпау қажет, — деді Жандос Сүйінбай.

Leave A Reply

Your email address will not be published.