Еліміздегі ондаған теміржол вокзалы техникалық аудиттен өтпей, түбегейлі шешімдерді күтуде. Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту бағдарламасы күтіп тұр. Жуырда жүргізілген техникалық аудит нәтижесінде вокзалдардың басым бөлігі пайдалану мерзімін әлдеқашан өтегені анықталды, ал бірнеше ондаған нысан әрі қарай пайдалануға мүлде жарамсыз деп танылды. Алдағы өзгерістер туралы «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Төрегелдин мәлімдеді.
Инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары басталмас бұрын мамандар жан-жақты тексеру жүргізген. Оның қорытындылары көңіл көншітпейтін болып шықты. Атап айтқанда, вокзал ғимараттарының басым бөлігі шұғыл түрде жөндеуді немесе қайта жаңартуды қажет етеді.
«Техникалық аудит көптеген мәселелерді анықтады. Аудит қорытындысына сәйкес, шамамен 37 вокзал толықтай бұзылып, қайта салынуға жатады. Сонымен қатар вокзалдардың шамамен 80 пайызының пайдалану мерзімі аяқталған. Сондықтан олардың барлығы жаңғырту бағдарламасына енгізілді», – деді Мұрат Төрегелдин.
Оның айтуынша, жаңғырту бағдарламасы тек ғимараттардың ішкі жөндеуімен немесе жаңа қабырғалар тұрғызумен шектелмейді. Өзгерістер жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін барлық ілеспе инфрақұрылымды қамтиды.
«Ғимараттарды жөндеу мен жаңғыртудан бөлек, аралдық және жағалық платформалар да жөнделеді. Бұл – міндетті талап. Сонымен қатар байланыс жүйелері жаңартылады. Жабдықтарға, техникалық қамтамасыз етуге және жиһаздарға қатысты мәселелер де бар. Сондықтан барлық жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде», – деп түсіндірді ол.
Мәселенің қаржылық жағына тоқталған ұлттық компания өкілі теміржол вокзалдарының көп жағдайда табыс әкелетін коммерциялық нысан емес екенін атап өтті.
«Вокзалдардың экономикалық моделіне келсек, ол әлемнің көптеген елдерінде бірдей. Вокзалдар әлеуметтік нысандар болып саналады, сондықтан олар негізінен мемлекет немесе жергілікті әкімдіктер тарапынан субсидияланады. Бізде де жағдай дәл осындай», – деп түйіндеді Мұрат Төрегелдин.
фото: ҚТЖ мұрағатынан