Қазақ руханиятына өлшеусіз үлес жан

139
Кеше ғана тарихы текті бабалар заманынан тамыр тартып жатқан киелі Сарысу өңірінің 95 жылдық мерейтойын абыроймен атқардық. Сарысу өлкесі − қазыналы қазақ тарихындағы талай тау тұлғалар мен қайталанбас қайраткерлердің кіндік қаны тамған киелі мекен. Ауданның тарихын айтқанда дала абызы, қобыз киесі Ықылас Дүкенұлын, туған өлкеге жырдан алынбас қамалдай жауһар ескерткіш қалдырып кеткен ақын Мәді Шәутиев, ақын Майкөт Сандыбайұлы, қазақ киносының корифейі Асанәлі Әшімов пен даңқты композитор Илья Жақанов, бүгін сексеннің сеңгіріне келген қабырғалы қаламгер Пернебай Дүйсенбинді ерекше атаймыз!
Бүгін Еңбек Қызыл Ту орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Халықаралық «Дарабоз» сыйлығының Гран-при иегері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Халықаралық, республикалық әдеби конкурстардың жеңімпазы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, жазушы Пернебай Дүйсенбиннің 80 жас мерейтойы ауданда кең көлемде аталып өтті.
Шараға Еңбек Ері, актер, режиссер КСРО және Қазақстан Республикасының халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған, Қазақстан Жазушылар Одағының Алматы, Жамбыл облыстарындағы өкілдері мен Ақтау, Атырау, Жаңаөзен, Шымкент қалаларынан арнайы қонақтар, ауданымыздың зиялы қауым өкілдері, ардагерлері қатысты.
Пернебай аға қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосып келеді. Қолы кітап жазудан босамайтын, шындық пен шынайылықты, адалдық пен ақиқатты тұғыр еткен турашыл тұлға.
Салтанатты жиын барысында ағамызға ақ тілектер арналып, мерейлі күнінде мәртебелі қонақтарды көріп, ағамыздың шынайы қуанғанының куәсі болдық. Біздің шағын ауданымызда осындай тұлғаның өмір сүріп, зиялы қауым өкілдерінің көшін бастап жүргені үлкен қуаныш.
Ағамызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, береке-бірлік, ырыс-ынтымақ тілеймін! Қазақ әдебиеті жасай берсін!

 

Сакен Мамытов, Сарысу ауданының әкімі 

Leave A Reply

Your email address will not be published.