Қайрат Сатыбалдыұлы жазасын Шығыс Қазақстан облысындағы колонияда өтейтін болды деп хабарлады turkystan.kz Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.
26 қыркүйек Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Сатыбалдыұлын алты жылға бас бостандығынан айырған болатын.
Үкім жарияланғаннан кейін 15 күн ішінде сотталушы немесе оның қорғаушылары сот шешіміне шағымданбаса, ол Шығыс Қазақстанда орналасқан ОВ-156/20 колониясына ауыстырылады.
«Бұл мекеме арнаулы және құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлеріне арналған. ОВ-156/20 қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемесі», – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, сотталған Қайрат Сатыбалдыұлы ауыстырылғанға дейін Астанадағы тергеу изоляторында болады.
«Сотталушы апелляциялық шағым түсірсе, оны қарау мерзіміне дейін тергеу изоляторында қалады», – деп толықтырды ведомство өкілі.
Сондай-ақ, Сатыбалдыұлы жазасын өтеу үшін мекемеге келген 15 күннен кейін туыстарымен кездесуге өтініш бере алатыны белгілі болды.