Картада жоқ мекен: Алматы облысындағы бір ауданның тұрғындары еш жерде есепке алынбаған

54

Алматы облысы Қарасай ауданында 300-ден аса азамат картада жоқ мекенде тұрады. Жамбыл мен Батан ауылдарының арасында есепке кірмей, оқшау қалған елді мекен тұрғындары 15 жылдан бері әкімдік табалдырығын тоздырып, аумақты өңір картасына енгізуді сұрап келеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «Алматы» телеарнасына сілтеме жасап.

Мұндағы жұрт бұл жерді өзара «Арал» деп атап кеткен. Өйткені айналасындағы елді мекендерден оқшау қалып, құжатсыз, атаусыз, ресми мәртебесіз күнелтіп жүр. Есепте жоқ елді мекен тұрғындары бұл жерлерге 2011 жылдары қоныстана бастапты. Содан бері ауыз су, жарық, жол сынды өркениет игіліктерін өздері жасап жүр.

«Әкімшіліктің есігін тоздырған шығармыз. Бірақ ешқандай шешім жоқ. Бізді не Жамбылға, не Батанға қоспайды. Аралда отырған сияқтымыз, ешкімге керек емес», — деді Қарасай ауданының тұрғыны Құрмангүл Тәжімұратова.

Қарасай ауданына қарасты Батан мен Жамбыл ауылдарының арасында ескерілмей, картаға енбей қалған елді мекенде қазір 60 шаңырақ түтін түтетіп отыр. 300-ден аса тұрғын ешбір жерге тіркелмеген. Халық қиын жағдайға тап болып, мәселе туындағанда кімге барып айтарын білмейді. Себебі көршілес ауыл әкімдіктері «бізге қарамайсыздар» деп кері қайтарып, аудан билігі 10 жылдан бері халыққа мүлдем келмеген көрінеді.

«Халық 5000 адамға жеткенде атау береміз» деген. Бізге ауыл атауы да керек емес, бір ғана көше берсе болды. 300-350 шақты адам ешкімге керек емеспіз», — деді Қарасай ауданының тұрғыны Айнұр Түлешова.

Расымен де, картадан орын таппаған елді мекен тұрғындарына ауданның сәулет және қала құрылысы мамандары «5000 адам жиналған жағдайда ғана атау беріледі» деп жауап қайтарған екен. Ал 60 үй күн көріп жүрген аймақта мұнша тұрғынның қашан жиналары белгісіз.

«Ауылға жақын массивтерді енгізіп жатырмыз. Былтыр алты ауылдық елді мекенге саяжайларды енгіздік», — деді Қарасай ауданы Сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Дәрімен Жаппаров.

Ауыл жұртының алдына келген әкімдік өкілінен тұрғындар елді мекен атын қойып, ауылға қосылуды неге 15 жылға жуық күтіп келгенін сұрады.

«Оның бәрі бір күнде жасалмайды, қаражатқа байланысты шешіледі. Бұл жерде 60 үй бар», — деді Қарасай ауданы Сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Дәрімен Жаппаров.

«Батан ауылының бас жоспарына өзгеріс енгізіп жатырмыз. Елді мекенге Аэрофлот және Речный саяжайлары қосылады. Жоба 2024 жылы басталған, биыл аяқталады», — деді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Еламан Өмірбаев.

Ауылдың бас жоспарына өзгеріс енсе, округ құрамына бірқатар саяжай мен атауы жоқ елді мекен де қосылады. Ал «ауада тұрған ауыл халқына» әкімдік өкілдері жыл соңына дейін жер телімін рәсімдеп, Батан ауылының тұрғыны атанасыздар деп уәде етті.

Фото: «Алматы» телеарнасы

https://massaget.kz/news/kartada-jok-meken-almatyi-oblyisyindagyi-br-audannyin-124565/?fbclid=IwY2xjawIGuatleHRuA2FlbQIxMQABHY_o1cqfv2vhk9pDWW1SGiD1f35-XoxSBKBrXLxYGlWdN1_0u5JYtT8nQg_aem_uWAV-XH9dxeVY5j60foEbA
Ж. Қадыржанова

Leave A Reply

Your email address will not be published.