Қарағанды облысында теміржолдағы қайғылы оқиға: төрт адам қаза тапты

17
“Қазақстан темір жолы” АҚ басқарма төрағасының тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды.

Қарағанды облысында рельс ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатқан төрт жұмысшыны жүк пойызы қағып кетті, деп хабарлайды 08info.kz ҚТЖ-ға сілтеме жасап.

ҚТЖ мәліметінше, 2025 жылғы 10 желтоқсан күні сағат 17:15 шамасында Мойынты–Шығанақ бағыты бойынша Шешенқара мен Қаражаңғыл аралығында жүк пойызының машинисті шұғыл тежегішті қолдануға мәжбүр болған. Сол сәтте Сарышаған станциясының жол бригадасы жоспарлы рельс ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатқан.

Өкінішке қарай, барлық қауіпсіздік шаралары қабылданғанына қарамастан, жазатайым оқиғаның алдын алу мүмкін болмаған. Оқиға салдарынан төрт жұмысшы көз жұмды.

Компания мәліметінше, оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының тапсырмасымен бас инженер жетекшілік ететін, құрамында «ҚТЖ–Жүк тасымалы» ЖШС мен Магистральдық желі дирекциясының басшылары бар арнайы комиссия құрылған. Комиссия дереу оқиға орнына аттанған.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ марқұмдардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, отбасыларына қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.

 Фото: depositphotos.com

Leave A Reply

Your email address will not be published.