«Қараалма» тау-шаңғы базасының құрылыс жұмыстары қарқынды

439

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барып, «Қараалма» тау шаңғы базасының құрылысымен танысты.
Бүгінде тау шаңғы базасының құрылыс жұмыстары 85 пайызы аяқталған. Қонақ үй-котедждері, туристерге қызмет көрсету сервистік кешенінің құрылысы салынуда. Сондай-ақ, жеті шақырымдық жол салынып, инфрақұрылым тарту жұмыстары аяқталған. Керек құрал-жабдықтардың дені жеткізілген. Құрылыс басында 100-ден астам жұмысшы ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, күн-түн демей білек-сыбана еңбектенуде.
Айта кету керек, мұнда демалыс кешенінде қонақтар жыл он екі ай бойы демалуға мүмкіндік алады. Жаз мезгілдерінде саумалмен, қымызбен емдейтін, атпен серуен құратын орындар ашылады деп күтілуде.
Жалпы, нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынуда. Жобаның жалпы құны – 4 миллиард теңге. Туристік нысан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күрежолының бойынан 7 шақырым қашықтықта, Алатау тауының баурайында теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте бой көтеруде. Сонымен қатар, Алатау тауының ұшар басынан кешенге дейін 2 500 метр сырғанау жолағы түсуде. Сол сияқты 2050 және 350 метрлік аспалы жолдардың құрылыстары да жүзеге асырылуда. Аспалы жол құрылысына қажетті қондырғылар Австрия елінен жеткізілген.
Асқар Исабекұлы жауаптыларға мұндағы барлық жұмыстарды сапалы атқаруды, 350 метрлік аспалы жолдың монтаждау, орнату шараларын ағымдағы жылдың 16 желтоқсанға дейін аяқтауды тапсырды. Ал, ұзындығы 2 мың метрден асатын аспалы жолдың құрылысын бір-екі айда толығымен бітіру керектігін ескертті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.