«Қара сақалдының жоғалған қазынасы» құқықтық квест ойыны ұйымдастырылды

36

 

Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Адал қоғам» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қара сақалдының жоғалған қазынасы» атты танымдық-құқықтық квест ойыны өткізілді.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәурен Омаров, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бас мамандары Нұрдос Абсалямов пен Бақытбек Әбдіреймов қатысып, қатысушыларға сәттілік тілеп, адалдық пен заңдылық қағидаттарының маңыздылығына тоқталды.

Квест ойынының мақсаты – жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру, адалдық пен әділдік құндылықтарын насихаттау, ұйымшылдыққа тәрбиелеу және көшбасшылық қасиеттерін дамыту болды.

Ойын барысында қатысушылар бірнеше командаға бөлініп, арнайы әзірленген бағыт бойынша түрлі тапсырмаларды орындады. Қатысушылар құқық пен міндеттерді ажырату, Конституция мен мемлекеттік рәміздерге қатысты сұрақтарға жауап беру, логикалық тапсырмаларды шешу, шифрланған хаттарды оқу және өздерінің шағын мемлекеттеріне арналған заң жобаларын әзірлеу сияқты қызықты кезеңдерден өтті.

Әр кезең балалардың тапқырлығын, жылдам шешім қабылдау қабілетін және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталды. Сонымен қатар ойын барысында қатысушылар заңға құрметпен қарау, азаматтық жауапкершілік және қоғамдағы адалдық қағидаттарының маңыздылығы жөнінде құнды ақпараттар алды.

Іс-шара соңында барлық командалар квест тапсырмаларын сәтті орындап, «Қара сақалдының жоғалған қазынасын» тауып, ерекше әсерге бөленді. Белсенділік танытқан қатысушылар марапатталып, алғыс хаттар табысталды.

Мұндай интерактивті форматтағы шаралар балалар мен жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың бойында әділдікке, жауапкершілікке және адалдыққа негізделген азаматтық ұстанымдарды нығайтуға ықпал етеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.