ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ СЕССИЯСЫ ӨТТІ

45
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен сегізінші шақырылған қалалық мәслихаттың кезектен тыс жиырма екінші сессиясы өтті.
Әуелі қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жандос Рүстембаев басқосудың күн тәртібіндегі алғашқы мәселесі – Тараз қаласында бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету туралы баяндады.
– ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Кодексінің 696/3-бабыныц 5-тармағына сәйкес, Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бастамасымен бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығының мөлшерлемесін салық кезеңінде алынған кірістер бойынша 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету бойынша Тараз қалалық мәслихатының шешім жобасын ұсынып отырмыз.
Бұл шешім өз кезегінде арнаулы салық режимі мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға төмендету, жұмыскерлер саны 200 адамнан аспайтын, табысы 600 000 (2 млрд. 215,2 млн.) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын, осы режимді қолдану мақсаттары үшін ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 22 мамырдағы №393 Қаулысымен айқындалған қызметтің бip немесе бірнеше түрін ғана жүзеге асыратын салық төлеушілер үшін бизнес ахуалды жақсартуға, салық жүктемесін төмендетуге, бизнесті заңдастыруға және кәсіпкерлік сектордың іскерлік белсенділігін арттыруға ықпал ететін болады, – деген Жандос Темірханұлы аталған шешім жобасына қолдау көрсетуді сұрады.
Бұдан кейін күн тәртібіндегі Тараз қалалық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы «Тараз қалалық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыру туралы» №11-4 шешіміне, «Тараз қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2022 жылғы 4 ақпандағы №12-6 шешіміне және «Тараз қаласы әкімдігінің дербес құрамына келісім беру туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2022 жылғы 4 ақпандағы №12-4 шешіміне өзгерістер енгізу мәселелеріне кезек беріліп, тиісті шешімдер қабылданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.