ҚАЛА ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫС АЛАҢДАРЫН АРАЛАДЫ

115
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады. Әуелі шаһар басшысы Әйтиев және Желтоқсан көшелеріндегі орташа жөндеу жұмыстарын көрді.
Қазіргі таңда мұнда, нақтырақ айтқанда, Қонаев көшесінен Ташкент көшесіне дейінгі аралықта «АБДИ-СТРОЙ» және «Компания инвест mk» ЖШС-терінің мердігерлігімен орташа жөндеу жұмыстары жүруде.
Қала әкімі өз кезегінде сапа мен мерзім басты талап екенін баса айтты.
– Кез келген құрылыстың сапалы әрі межеленген мерзімде аяқталуы басты назарда болуға тиіс. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін. Сондай-ақ бұл әрбір мердігердің ұстанымына айналуы қажет. Әрине, құрылысты кестеден кешіктірмейміз деп сапаны да ұмыт қалдыруға болмайды. Осы екеуі бір-бірімен үйлескенде ғана қолға алған ісіміз нәтижелі болары сөзсіз, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Шаһар басшысы бұдан кейін «М-1» жылу желісін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Айта кетейік, өткен жылы «Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелеріндегі М-1 жылу желісін қайта жаңғырту» жұмыс жобасына сәйкес жүрген құрылыс нәтижесінде 4 602 метр жылу құбыры ауыстырылған. Енді биыл осы жылу желісінің қалған 1 536 метрі жаңғыртылуда. Биыл 26 сәуір күні басталған құрылыс жұмыстары қазір қарқынды жүруде. Бүгінгі таңда 350 метр арық (лоток) жүйесі мен 150 метр құбыр желісі қазып алынған. Құрылыс барысымен жіті танысқан қала әкімі былтырғы қателікке тағы да жол бермеу керектігін еске салды.
– Ширек ғасырдан астам уақыттан бері жөндеу көрмеген қаладағы жылу желілерінің әбден тозығы жеткен. Сондықтан бұл – шаһар тұрғындары үшін аса маңызы жоба. Оның сапасы да соған сай болуға тиіс. Былтыр құрылыстың бір бөлігі аяқталды. Әрине, кемшіліктер де кездескенін жоққа шығара алмаймыз. Бастысы, сол қателіктерден биыл сабақ алуымыз керек. Тағы бір мәселе: құрылыс жұмыстары кезінде ең әуелі тұрғындарға қолайсыздық тудырмауы керектігін ескеруіміз қажет. Бұл әсіресе көлік қозғалысына байланысты. Сол үшін жылу желілерін жаңғыртуды кезең-кезеңімен жүзеге асырып, әрбір құрылыс аяқталған сайын жол қозғалысын бірден қалпына келтіруіміз керек, – деген қала әкімі құрылыс жұмыстары тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Келесі кезекте Бақытжан Әмірбекұлы №7 мектеп-гимназиясына аялдады. Аталмыш оқу ордасында 300 орынды жапсарлас ғимараттың құрылысы жүруде. Қазіргі таңда мердігері – «ҚазМұнай Құрылыс», техникалық қадағалаушы – «ЖамбылЭкспертиза» ЖШС тарапынан шұңқыр (котлован) қазылып, іргетасы мен бағандары тұрғызылуда.
Бұл ретте қала әкімі құрылыс сапасы мен қауіпсіздіктің сақталуына баса назар аударды.
Сонымен қатар шаһар басшысы күрделі жөндеуден өтіп жатқан №25 орта мектепке ат басын бұрды. Құрылыс мердігері – «Тұлпар Строй Сервис» ЖШС, техникалық қадағалаушысы – «Құрылыс-Жоба Инжиниринг» ЖШС. Қазір бөлшектеу (демонтажные работы) жұмыстары жүргізілуде. Осы құрылыс аясында оқу ордасының еден, ішкі сылақ, жарықтандыру, жылу, сумен жабдықтау, кәріз жүйелері, абаттандыру, сейсмикалық күшейту, есік-терезе блоктары және сыртқы коммуникациялары, барлығы дерлік толығымен жаңғыртылады.
Бақытжан Әмірбекұлы өз сөзінде білім беру мекемесінің қауіпсіз әрі қолайлы болуына ерекше екпін түсірілуге тиіс екенін тілге тиек етті.
– Мектеп – тек білім ошағы ғана емес, ұрпақ тәрбиесінің бастау бұлағы. Сондықтан әрбір бөлменің, әрбір кірпіштегі сапа – болашаққа қаланған негіз. Сондықтан біз балаларымыздың сапалы білім алуы үшін озық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, қауіпсіз, жарық әрі жылы мектепте оқуына жағдай жасауымыз керек. Бұл мектепті жөндеуден өткізуді оқушылар да, ұстаздар да ұзақ уақыт күтті. Сондықтан сапасы соған сай болғаны жөн, – деген шаһар басшысы жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанша, яғни 1 қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды.
Әрі қарай қала әкімі «Аса» шағын ауданы, №18 үйдің маңындағы арық жүйелерін (лоток) ауыстыру жұмыстарына қанықты.
– Арық жүйелері – қала инфрақұрылымының маңызды бөлігі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасы мен қоршаған ортаның тазалығына да тікелей әсер етеді. Бүгінгі күні шаһарды ағын сумен қамтушы жүйелер әбден ескіріп, 30 жылдан бері жөндеу көрмеген. Осы мақсатта қаланы дамытудың 3 жылдық жоспары аясында тиісті жоба қолға алынып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Айталық, биылдың өзінде 30 шақырымға жуық арық жүйесі жаңғыртылады. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар өз жалғасын табады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы әрбір аралаған нысан бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.