
– Бүгінде Тараз қаласы тотыдай таранып, дамудың даңғыл жолына түсті. Шаһар көлемінде жанданып жатқан жобалар барлық салаға серпін беріп, көкжиегін кеңейтуде. Өткен жылдың өлшемінде толайым тірлік атқарылғанына тұрғындар куә. Әлеуметтің әлеуеті артып, бұқара мен билік арасында берік байланыс орнады. Сондай-ақ 2023-2025 жылдарға арналған қаланың даму картасы жаңа белестер мен тың бастамаларға жол ашып отыр, – деген Бақытжан Әмірбекұлы сан салада қолға алынған ілкімді істерге тоқталды.

Жағымды жаңалықтың бірі – ағымдағы жылы Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы №15 ықшамауданнан 34 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Білім саласында да былтыр жеткен жетістік толайым. Атап айтсақ, 2023 жылы жалпы құны 13,2 млрд теңгені құрайтын 8 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланса, бүгінгі таңға Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы №15 ықшамаудандағы 1 200 орындық мектептің және №6 орта мектептің спорт залына жапсарлас ғимараттың құрылысы аяқталған. Қалған
6 мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде.



Қаладағы ең өзекті мәселенің бірі – қоғамдық көліктерді жаңарту бойынша да бағдарын тапқан тірлік көп. Мәселен, автобус парктерін жаңарту мақсатында 2023 жылдан бастап жыл сайын үлкен және орта сыйымдылықты 70 автобустан алу жоспарланған. Нәтижесінде, 2023 жылы 73 бірлік жаңа автобус жеткізілсе, қала аумағына 36 дана аялдама орнату үшін қалалық бюджеттен 95,2 млн теңге қаралып, толығымен игерілді. Тағы бір жағымды жаңалық, 75 аялдама орнату, тасымалдаушы мекемелер есебінен 70 бірлік жаңа автобус алу, 5 жаңа маршруттық бағыт ашу биылға межеленіп отыр.

Қала аумағы кеңейгеннен кейін тұрғындар саны да артады. Бүгінде қаланың халық саны 431 мыңға жуықтаса, жаңа Бас жоспарға сай шаһар маңындағы Жамбыл және Байзақ аудандарынан 46 500 адам тұратын аумағы 11 755 гектарды құрайтын 14 елді мекеннің қосылуы көзделіп отыр. Бұл жағдайда қалаcының халық саны 477 мыңнан асады.


– Таразда осы күнге дейін тындырылған тірлік жетерлік. Сондай-ақ шешімін таппай отырған мәселелер де аз емес. Оларды бір күнде шешіп тастау мүмкін емес екені де белгілі. Барлығы кезең-кезеңімен, жоспарға сай жүзеге асырылып келеді.
Қазіргі таңда біздің алға қойған басты міндетіміз – шаһардың инфрақұрылымын дамытып, тұрғындардың жайлы тұрмысына жағдай туғызу. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген аталы сөз бар. Сондықтан осында отырған әрқайсысыңыздың ұтымды ұсыныс пен талап-тілектеріңіз мен үшін маңызды.
Бүгінгі басқосуымыздың негізгі мақсаты да осы. Тараз – баршамыздың ортақ мекеніміз. Сол үшін оның алдағы бағыт-бағдарын өздеріңіз секілді тұрғындармен бірге айқындауымыз қажет, – деген Бақытжан Әмірбекұлы мұндай жүздесулер алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Тараз қаласының әкімдігі